«Жабайы алма» тарихи телехикаясы көрермен назарына ұсынылды

Тарих беттеріне қанмен жазылған сұрапыл соғыс жылдары – тұтас ұлттың жігерін сынаған, рухын шыңдаған кезең еді. Соған байланысты «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы заңғар жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінің желісімен түсірілген туындыны көрермен назарына ұсынды. Зұлмат соғыстың ауыр зардабын, тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігін баяндайтын телехикая Алматы облысының Ақөзек ауылында түсірілді.
Майданға аттанған ер-азаматтар Отан үшін оққа кеудесін тосса, тылда қалған әйелдер мен балалар бар ауыртпалыққа қарсы тұрып, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. «Бұл хикая тағдыр тәлкегіне мойымаған батыр халықтың шын бейнесін аша түсті», - дейді тарихи телехикаяның қоюшы режиссері Айдын Сахаман.
Телехикаядағы әр кейіпкер қиыншылық пен тауқыметке қарамастан, өмірге өкпелемейді, тағдырға налымайды. Ақиқат пен адалдық, ерлік пен елдік қатар өрілген бұл туынды – ұрпаққа өнеге, елге тағзым. Қан кешкен күндердегі сан алуан сезімді сипаттайтын «Жабайы алма» – ауқымды әрі терең мағыналы жоба.