Қазақстан Ставропольде өткен халықаралық фестивальде жеңіске жетті

Қазақстандық «El Voice» вокалдық тобы Ставрополь қаласында өткен «Солдатский конверт» халықаралық байқау-фестивалінде Гран-при жүлдесіне ие болды. Топ құрамында «Астана Опера» театры хорының артистары Әмре Алғи мен Ардақ Төлепбергенов, солист Нұрсұлтан Әнуарбек, сондай-ақ Е.Рахмадиев атындағы филармонияның солисі Алтынбек Арыстанбек өнер көрсетті. Ұжым «Ансамбльдер» номинациясында топ жарып, «Ана туралы баллада» туындысын терең тебіреніспен орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қазақстандық өнерпаздар сахнада шынайы драматургия тудырып, ананың перзентінен айырылғандағы қайғысын, сағынышын әсерлі жеткізе білді. Дауыстардың үйлесімділігі, көркем образды терең меңгеруі мен жоғары деңгейдегі вокалдық шеберлік нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрінді.
«Астана Опера» хорының артистары үшін бұл байқауға қатысу — тек маңызды шығармашылық сынақ қана емес, сонымен қатар Қазақстанды халықаралық аренада музыкалық дәстүрі терең, кәсіби орындаушылық мәдениеті жоғары ел ретінде танытудың бірегей мүмкіндігі болды.