Астана Операда «Қос түтік» фестивалі өтіп жатыр

Осы күндері ағаштан жасалған және қос түтігі бар оркестрдегі үрлемелі аспаптар – гобой мен фаготқа арналған Double Reed («Қос түтік») музыкалық фестивалі «Астана Операда» классиканы бағалайтын жандардың назарына ұсынылып жатыр. Аталмыш фестивальге Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына театрдың жарқын аспапшы музыканттары қатысуда. Сондай-ақ Италиядан танымал гобойшы Джанфранко Бортолатоның қатысатыны фестивальге көрік береді.
Еске сала кетейік, фестивальдің авторы әрі көркемдік жетекшісі – театр дирижері, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин. «Астана Опера» симфониялық оркестрі маэстроның басқаруымен өнер көрсетеді. Ал жобаның бастамашылары – оркестр топтарының концертмейстерлері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпирова және Әсет Нелдібаев.
Бүгін аталмыш кеште көрермендерге гобойға арнап жазылған шығармалар таныстырылады. 1989 жылы гобой ең күрделі музыкалық аспап ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілгенін еске саламыз. Таңғаларлық әсемдігімен және баурап аларлық қасиетімен ерекшеленетін гобойдың дауысын жиі күйге келтіріп жатудың қажеті жоқ. Дәл осы аспаптың «ля» нотасы арқылы барлық симфониялық оркестр күйге келтіріледі.