Елордада «Опералия-2025» фестивалі өтеді

Мамырдың келуімен елордада «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі есігін қайта айқара ашады. Ол «Астана Опера» сахнасында 16 мамырда басталып, 13 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт бойы еліміздің бас театрының қабырғасында жарқын опералық және балеттік хикаялар жанданады, сондай-ақ көрермендерге қызықты концерттік бағдарламалар ұсынылады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен фестиваль 30-дан астам іс-шара ұсынып, Италия, Болгария, Қытай, Моңғолия, Ресей және әлбетте, Қазақстаннан артистарды біріктіреді.
Екі ай бойы «Опералия-2025» әрбір оқиға алдыңғысына ұқсамайтын нағыз мәдени марафонға айналады.
Танымал дирижерлер – Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива, Руслан Баймурзин, Арман Оразғалиев және Элмар Бөрібаев музыкалық мерекені кезекпен басқарып, фестиваль кештеріне әркім өз ерекшелігін үстейді.
«Опералия» 16-17 мамырда Ролан Петидің «Арлезианка», ««Бозбала және өлім», «Кармен» бір актілі балеттерінің керемет премьерасымен ашылады. Құштарлыққа толы теңдессіз балеттер бүкіл фестивальге бағыт бермек.