New Symphony симфониялық оркестрі Қазақстанда алғаш рет жаңа форматта концерт бағдарламасын ұсынбақ

21 мамыр күні Almaty Theatre сахнасында маэстро Дастан Ибрагимовтың жетекшілігімен New Symphony симфониялық оркестрінің концерт-диалогы өтеді.
Дастан Ибрагимов - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрінің бас дирижёры, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, отандық және еуропалық сахналарда үлкен тәжірибесі бар өнер иесі.
Концерт әлем тыңдармандарына әдеттегідей форматта өтеді, алайда бұл формат Қазақстанда алғаш рет ұсынылмақ. Бұл - көрерменмен тікелей диалог: маэстро әр шығарманың мазмұны мен ондағы сезімді баяндайды. Ол заманауи мәдениеттен мысалдар келтіре отырып, ұлы композиторлардың идеяларын түсінуге көмектеседі. Кеш бағдарламасында - Элгар, Сежурне және Дворжактың туындылары орындалады.
Іс-шара классикалық музыканы жаңадан тыңдайтын тыңдармандарға да, адал жанкүйерлерге де қызықты болады деп күтілуде.