Астаналық көрермендерге «Китри, Аврора, Кармен және басқалары...» шығармашылық кеші ұсынылады

23 мамырда «Опералия» халықаралық фестивалі аясында «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында театрдың прима-балеринасы, балеттің жетекші солисі, Франциядағы Бордо Ұлттық операсының шақырылған солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаеваның «Китри, Аврора, Кармен және басқалары...» атты шығармашылық кеші ұсынылады. Танымал балеринаның жиырма жылдан астам уақыт бойы сахнада сомдаған бейнелері көрермендердің алдында кинолентадай сырғып өтеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтетін кеште «Астана Опера» симфониялық оркестрін дирижер Элмар Бөрібаев басқарады.
Бұл кеш балеринаның өмірінен алынған альбом іспетті. Оның басты кейіпкері – есімі Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен белгілі Мәдина Өнербаева.
Кеш бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде көрермендерді Гала-балет, екіншісінде П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің бірінші актісі күтеді. Кештің ұмытылмас сәті – «Кемел адам» жаңа авторлық нөмірінің премьерасы болмақ. Оны дарынды хореограф Сұлтанбек Ғұмар Мәдина Өнербаеваға арнап қойған.