Таиландта қазақ мәдениетіне арналған гала-концерт өтті

Таиландта тұңғыш рет қазақ мәдениетіне арналған гала-концерт өтті.. Бангкокта қазақтың ұлттық биіне қызығушылық жоғары. Төл өнерімізді кәсіби деңгейде меңгеріп алған 200-ге жуық жергілікті өнерпаз сахнаға шығып, жиылған жұртты ерекше көңіл күйге бөледі. «Аққу», «Сылқылдақ», «Кербез сұлу», «Қара жорға» секілді билерді ұлттық нақыштағы көркемдігімен дәл жеткізе білді. Ең қызығы, бишілердің үстіндегі киімдер жергілікті ісмерлердің қолынан шыққан екен. Қазақстанның Таиландтағы елшілігінің ұйымдастыруымен Таммасат университетінің концерт залында өткен кешке 500-ден аса көрермен жиналды. Олардың айтуынша, өнер ұлттарды біріктіреді. Аталмыш кеш – соның айқын дәлелі.