Алматыда уақытпен үндескен өнер көрмесі ашылды

«Қазақстанның ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнері» каталогы – аталған өнер музейінің қорындағы сәндік-қолданбалы өнер туындыларының алғаш рет толық көлемде ұсынылған басылымы. 1938 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бұл отандық өнер тарихында маңызды көркемдік құбылыс болып табылатын туындылар қоры шамамен сегіз жүзге жуықтайды.
Коллекцияның қалыптасу жылдарында шығармашылықпен белсенді айналысқан суретшілердің қатарында Әбілхан Қастеев, Николай Цивчинский, Александр Риттих, Шажат Оспановтарды атауға болады. Олардың эскиздері бойынша «Кілемші» артелінің шеберлері алғашқы қазақстандық гобелендерді жасап, бұл еңбектер «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесінде кеңінен ұсынылады.
Экспозицияға еліміздің танымал кәсіби сәндік-қолданбалы өнер шеберлері жасаған 90-ға жуық туынды ұсынылған. Олардың арасында кілемдер, гобелендер, киіз, кесте паннолар және тері, ағаш, металл және тас, қыш, фарфор, шыныдан жасалған көркем заттар, сондай-ақ мельхиор мен күмістен жасалған авторлық зергерлік бұйымдар бар.