Германияда Н. Тілендиевтің 100 жылдығына арналған кеш өтті

Қазақ әуені Майндағы Франкфурт көгінде қалықтады. Доктор Хох атындағы беделді консерватория залында композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Шараға Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Франкфурттегі Қазақстан Елшілігі мұрындық болды. Елге белгілі «ORDA» этно-тобы кештің көркін қыздырды. Олар халық әндерінен шашу шашып, күмбірлеген күйімен көпшілікке керемет әсер сыйлады. Ұлттық нақышта әрленген неміс композиторларының шығармаларын шебер орындап, көптің көңілін баурады. Өнерпаздардың өнерін тамашалауға жергілікті тұрғындардан бөлек, мәдениет қайраткерлері мен дипломаттар жиналды.