Анкарада Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы таныстырылды

Анкарада белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» романы түрік тілінде жарық көріп, алғаш рет шетелдік оқырманға жол тартты. Тағдыр тәлкегіне түскен кейіпкер тағдыры арқылы тұтас қоғамның мәселесін көтеретін туынды Түркияның Президенттік кітапханасында таныстырылды.
Президенттік кітапханадағы әдеби кешті Түркі тарихы және мәдениеті қоры «TÜRKTAV» ұйымдастырды. Залға жиылғандар – Түркияның зиялы қауымы, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің өкілдері, халықаралық дипломаттар. Mecenat әдеби сыйлығын жеңіп алған туынды – некесіз туған Нұржан атты кейіпкердің өмірін суреттеу арқылы қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғайтын терең шығарма. Жетімдік, жалғыздық, тектілік мәселесі – шығарманың негізгі мәйегі.
Жазушы бұл еңбегінде «Отбасы институтының» маңыздылығына баса назар аударған. Ата-ананың баланың тағдырына әсерін, отбасылық жауапкершілік, ұлттық сана мен рухани тамырдан ажырамау қажеттігін қозғайды. Роман қазақ тілінен орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылды. Алдағы уақытта қырғыз және башқұрт тілдеріне тәржімалау жоспары бар.