«Алтын адам» анимациялық фильмі – үлкен экранға жол тартты

Алматыда «Алтын адам» анимациялық фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Толықметрлі туынды «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен түсірілген. Балаларға арналған фильм жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлттық мұраға деген қызығушылықты оятады.
«Алтын адам» анимациялық фильмінде сақтардың тарихы, мәдениеті, жауынгерлік өнері әсерлі түрде бейнеленеді. Бас кейіпкер Аңқылдың бастан кешкен шытырман оқиғалары, барыспен дос болуы шығарманың өзегіне айналады.
Фильмнің басты мақсаты – қазақ халқының құнды жәдігері алтын сауыттың тарихы мен тамырын зерттеу, жас көрерменге маңыздылығын ұғындыру, дейді шығармашылық топ.
Анимациялық фильмде қазақы аңшылық мәдениеті егжей-тегжейлі зерттелгені анық көрінді. Ондағы кейіпкерлердің өн бойында ұлттық бірегейлік байқалады. Режиссерлік стиль де ерекше. Камера қозғалысы, суреттің түс- реңі көрерменді бірден өзіне елітіп әкетеді. «Алтын адам» толықметрлі анимациялық фильмі 5 маусымнан бастап үлкен экрандарда көрсетілмек.