«Салтанат» би ансамблі гастрольдік сапармен Түркістан мен Шымкент қаласында өнер көрсетті

«Салтанат» би ансамблінуң артистары гастрольдік сапармен Түркістан мен Шымкент қаласында өнер көрсетті. Ұжым көрерменге ансамблдің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Кештің шымылдығы «Ел салтанаты» би қойылымымен ашылды. Балет артистары мың бұрала билеп, қазақ халқының және әлем халықтарының биін асқан шеберлікпен орындады. Аталған іс-шарада «ҚР Мәдениет қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов «Түркістан», «Қазақстан-Атамекенім» әндерін шырқады. Кешке жиналған көрермен ерекше әсерге бөленіп, өнер ұжымына құрмет-қошемет көрсетті.
«Би керуені» жобасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, өңірдегі би ұжымдарына тәжірибелі мамандар би өнерінің қыр-сырын бөлісті. Іс-шараға 300-ден аса хореограф қатысты. Әр қатысушыға тегін сертификат табысталды. Бұл жоба күзде Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан өңірінде жалғасын табады.