Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы 89 маусымды қорытындылады

Алматыда Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының концерті өтті. Іс-шара маусым жабылуына орай ұйымдастырылды.
Капелланың көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов.
Капелла маусым бойы талғамы биік көрерменді 30 концерттік бағдарламамен қуантты. Ұжым өңірлер мен шет мемлекеттерге гастрольдік сапармен жиі барып, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.
Атап айтсақ, қазан айында Қытай Халық Республикасы Ухань қаласында концерт беріп, көпшілікке қазақ шығармаларын паш етті. Республика бойынша сәуір айында Астана қаласына барып, Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойында өнер көрсетті. Қазан айында филармонияда КСРО Халық әртісі Анатолий Молодовтың 95 жылдығына арналған концерт-фестиваль ұйымдастырылды.
Филармония ұжымдық өнерді насихаттаумен қатар, дарынды жеке солистерге де қолдау көрсетіп, олардың жеке концерттерін ұйымдастырып келеді.
Маусымның жабылуына орай ұйымдастырылған бағдарламада Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы репертуарындағы танымал шығармалар орындалып, концертке келген көпшілік қазақ хор өнерінің бай екеніне тағы да бір мәрте куә болды.