«Астана Опера» Павлодарда өнер көрсетеді

«Астана Опера» опера солистері, оркестр мен миманс әртістерінің Павлодардағы өнер көрсетуі театрдың Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы Қазақстан қалалары бойынша гастролінің жарқын қорытындысы болады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен 28 маусымда елордалық труппа Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының сахнасында Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсын, сондай-ақ «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан балаларға арналған концерт ұсынады.
Бұл жолы павлодарлық классика сүйер қауымның назарына ұсынылатын көрнекті композитор Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсы –театр репертуарындағы жаңа әрі жарқын қойылымдардың бірі, оның премьерасы «Piccolo театры» әйгілі жобасының аясында былтыр күзде зор табыспен өткен. Қазақстанда тек «Астана Опера» сахнасында өтетін бірегей спектакль сүйкімді Анжеликаға деген жауапсыз сезімінің салдарынан есінен адасатын ержүрек рыцарь Орландоның қайғылы махаббаты жайлы баяндайды. Айбынды жауынгер зұлым сиқыршы Альчинаның тұтқынына түседі. Өз қалауын орындау үшін сиқыршы әйел адамдардың өмірімен ойнайды.