Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Елордада «Filarmonia Fest» музыкалық фестивалі басталды

Елордада «Filarmonia Fest» музыкалық фестивалі басталды

Елорда күні қарсаңында бас шаһарда «Filarmonia Fest» музыкалық фестивалі өтіп жатыр. Астана қаласының әкімдігі және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйытқы болған мерекелік іс-шара 3 күнге жалғасады. Есіл өзенінің жағасында, «Серуен» көпірінде және «Астана» саябағында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдарының қатысуымен мерекелік шеру ұйымдастырылды. Қазақ музыка өнерінің классигі, ұлт композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Әнім сен едің» атты концерт өтті.
Сондай ақ Амфитеатр алаңында «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің ұйымдастыруымен жас музыканттарға арналған «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» лекция-концерті өтті. Іс-шара барысында балалар ұлттық музыканың ерекшелігімен танысып, халық аспаптары мен дыбысталуы жайлы мол мағлұмат алды.
Ал Бүгін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы алаңында «Музыка балалар көзімен» атты сурет байқауы өтеді. Мақсаты – бүлдіршіндердің өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қиялы мен бейнелеу қабілетін дамыту. Айта кеткен жөн, бүгінде филармония құрамында 13 шығармашылық ұжым бар. Оның ішінде 700-ге жуық қызметкер еңбек етеді.