Қазақстандық опера әншісі әйгілі Хосе Каррераспен бірге ән шырқады

Астанада әйгілі тенор, танымал опера әншісі Хосе Каррерастың шығармашылық концерті өтті. Талғампаз тыңдарман жиналған музыкалық кештің көрігін отандасымыз Әйгерім Алтынбек қыздырды. Маэстромен бір сахнада ән шырқаған жас әнші үшін бұл тарихи сәт. ХХ ғасырдың соңында дүниежүзі бойынша танылған үш тенор болса, соның бірі Хосе Каррерас. Музыкалық талғамы жоғары жұртшылық әлемге әйгілі опера әншісін тыңдамаққа Роза Бағланова атындағы орталық концерт залына жиылды. Бірақ, әуелеген ән кешін маэстро жалғыз өткізген жоқ. Сахнадағы серігі сопрано дауысты Әйгерім Алтынбек. Ол тақауда ғана әйгілі «Ла Скала» театры академиясының тағылымдамасына қабылданған. 400-ден астам үміткердің ішінен оза шауып, үздік 12 орындаушының қатарына іліккен. Енді міне Астанаға әдейі келген аңыз тенормен кеш бойы бірге ән шырқады. Тәжірибелі маэстро мен жас әншінің албырттығы тамаша тандем болды. Көрермен қауымның көңілінен шыққанын аңғару қиын емес.