Almaty Theatre сахнасында «Балет нені жасырды» қойылымының премьерасы өтті

Мемлекеттік академиялық би театры бір актілі заманауи «Балет нені жасырды» қойылымын сахналады. Аталмыш қойылым 57-ші театр маусымын жапты.
Аталған балет сахна сыртындағы жасырын әлемнің сырын ашады. Көрерменге боямасыз, ирония мен сезімге толы, артистардың шынайы өмірі туралы баяндайды.
Балет премьерасы балетті сүйіп көретін тұрақты көрермен үшін де, бұл өнермен алғаш танысқан жандар үшін де нағыз жаңалық болды. Бұл – тек музыкамен үндескен шебер қимылдар ғана емес, адам жаны мен тәні арқылы сипатталған шынайы оқиға.
Қойылымда ішкі қайшылықтан тұратын артис өмірі, шабыт пен тоқырау, бағалау секілді сезімдер айқын суреттеледі. Бұл спектакль жанрлық шекараны жойды деуге болады. Себебі көрермен бір мезетте комедияны да, драманы да, трагедияны да тамашалады. Би театрының артистары әр нөмірін кәсіби шеберлікпен орындады. Әр қимылға сезім, әр қозғалысқа жан бітірді. Бұл қойылым әр артистың шығармашылық шекарасын кеңейтіп, еркіндік сыйлады.