Ақтауда түркі елдерінің қолөнер шеберлері бас қосты

Ақтауда «Даламен үндес баба өнер» халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті. Ауқымды шара «Ақтау - түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылған. 2 күн бойы тұрғындар мен қала қонақтары танымал дизайнерлердің туындыларын тамашалап, түркі тілдес халықтардың бай мәдениеті мен ісмерлік өнерімен танысты.
Халықаралық шараға түрік, өзбек, Түрікменстан, Әзербайжан, қалмақ, мажар секілді түркі тілдес елдерден дизайнерлер, қолөнер шеберлері мен өнерпаздар қатысты. Қырғыз дизайнер Илхам Исмайылов фестивальге құрақтан жасалған бұйымдар әкелген. Себебі құрақ құрау - қазақ пен қырғызға ортақ өнер.
Фестиваль аясында шетелдік және қазақстандық танымал дизайнерлердің туындыларының сән көрсетілімі өтті. Шараға түрікменстандық Айна Дурдылыева, өзбектің белгілі шебері Наргиза Мусажанова, Моңғолиядан келген Сувд Банзрагч қатысты. Маңғыстаулық дизайнер де заманауи нақыштағы ұлттық киімдермен көрерменді тәнті етті.
Екі күнге жалғасқан шарада көрме-жәрмеңке де ұйымдастырылды. Фестивальге үлес қосқан өнер иелеріне «ТҮРКСОЙ» ұйымының алғыс хаттары мен Маңғыстау әкімдігінің естелік сыйлықтары табысталды.