«Қазақстан» корпорациясы «Естай мен Қорлан» телехикаясының түсірілімін бастады

«Қазақстан» корпорациясы «Естай мен Қорлан» атты екі сериялы телехикая түсірілімін бастады. Фильм негізінен «Қорлан» әнінің шығу тарихына арналған. Бұл ән Естай Беркімбаевтың шығармашылығының шыңы деп саналады. Телехикаяның сценарийін Сержан Зәкерұлы жазған. Қоюшы режиссері - Нұргелді Садығұлов.
Телехикаяда Естай мен Қорлан арасындағы ғашықтық жырының мәні, сол замандағы өнер мен өмір салты көрсетіледі.
Естай - қазақ халқының сал-серілік дәстүріндегі серілердің соңы. Ақырғы жұқанасы. Мұндай сазгер тумады. «Құсни-Қорлан» әні Махабаттың символы болып қалды. Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібектің жалғасы. Мұндай фильм түсіру сын! Ал кейіпкердің бейнесін ашу үшін үлкен шеберлік қажет. Фильмде көрермен Естайдың өзі «жан серігім» деп «қоштасу» әнін арнаған қара домбырасының түп нұсқасын көре алады. Естай рөлі актер Нұржас Садырбайға бұйырса, қазақтың сұлуы ғана емес, халқымыздың жүрегінен орын алған өлмес әнге арқау, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып кеткен тағдыр иесін сомдау кино әлеміне енді қадам басқан Дианаға бұйырды.