«Аңсау» ұлттық нөмірі Уфадағы фестивальде көпшіліктің зор қошеметіне ие болды
«Астана Операның» жетекші солисі Диас Құрманғазы мен театр солисі Камила Шахманова Рудольф Нуреев атындағы XXVI Халықаралық балет өнері фестивалінің көрермендерін тәнті етті. Қазақстандық дуэттің орындауындағы Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясындағы «Аңсау» ұлттық нөмірі Уфадағы фестивальдің қорытынды Гала-концертінің жарқын оқиғасына айналды: қазақ биінің ерекше пластикасы мен бірегей рухы көрермендердің шынайы таңданысы мен толассыз қошеметін туғызды.
Жетекші солист үшін бұл уфалық сахнадағы алғашқы өнер көрсету емес: өткен жылы фестиваль аясында Диас Құрманғазы Башқұрт театрының труппасымен бірге А.Аданның «Жизель» балетіндегі Альберттің басты партиясын орындады.
Былтыр Диаспен бірге сахнаға Башқұртстанның халық әртісі Валерия Исаева шықса, осы жолы ол келешегінен үміт күттіретін жас орындаушы, «Астана Опера» солисі Камила Шахмановамен бірге өнер көрсетті.
Айта кетейік, Уфада өткен Рудольф Нуреев атындағы фестиваль ең ірі балет форумдарының бірі ретінде кеңінен танымал. Ол дәстүрлі түрде әлемдік деңгейдегі әртістердің шеберлігін паш ететін ауқымды шараға айналуда: биыл «Астана Опера» солистерімен бірге сахнаға Үлкен, Мариинский және басқа да жетекші театрлардың жұлдыздары шықты.