Қазақ радиосының тарихы

Қазақ радиосы өзінің ғасырға жуық тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралы. Ол қазақ мәдениетін сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында жеткізіп, ән-әуезге малынған алуан үндестікті сұңғыла сөзбен суреттеп келеді.

     Қазақ АССР Халық комисарлары Кеңесі 1921 жылдың 29-шы қыркүйегінде республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынбор қаласынан қазан айынан бастап республикаға трансляция беріле бастады.

     Қазақ радиосы ең алдымен дәуір үні. Бүгінде бұл ұжымның бағдарламалары еліміздің түпкір-түпкіріне естіліп тұр. Яғни, ұлы Даланың үніне айналған Қазақ радиосы ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы. Салиқалы ойдың өрелі оралымдары да, әуезді әуеннің жан тебірентер сезімтал пернесі де осында. Сөз сәні мен тіл тәлімі, ән әрі мен саз сырының кеніші бұл.

     Қазақ радиосының «Алтын қоры» ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндеріне бай. Әр жылдары жазылған ұлт қайраткерлерінің теңіз толқынындай ақжал, кесек, келісті дауыстары сол қалпында сақталып, қазір радиотыңдауышының рухани кәдесіне жарауда.

Бүгінде «Алтын қорда» 1948 жылдан бері жинақталған 100 000-нан астам фонограмма бар. Оның 300 ден астамы ноталық қолжазбалар. Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендікті еншілеп, еңселі ел атанған Қазақстанның Қазақ радиосы елі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ақпарат құралы. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында тәулік бойы хабар тарата алатын нағыз ұлтжанды ақпарат көзі. Қазақ радиосында 60-ге жуық хабар әуе толқынына жол тартады. Олардың ішінде сан жылдар бой шығып келе жатқан күнделікті, апта сайынғы хабарлар бар.

Сондай-ақ радиода сағат сайын екі тілде ақпарат айтылып, жедел хабар таратады. Қазақ радиосы еліміздің 88 пайыз аумағына эфир таратады, күніне 24 сағат әуе толқынына шығады. Ұлттық қазынамыздың тайқазаны атанған қара шаңырақ әлі талай ұрпақтың өмір мектебі бола бермек.