Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM
Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы

Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы

Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы - Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», Атырау облысының және Атырау облысы Жылыой ауданының «Құрметті азаматы», профессор.

А. Жайымов 1947 жылы 5-ші мамыр күні Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын 1978 жылы дирижер және домбыра мамандықтары бойынша бітірген. 1978-91 жылдары консерваторияның ұстазы, кафедра меңгерушісі, 1991-2007 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық Халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры. 1979-81 жылдары КСРО мәдениет министрлігінің жолдамасымен Монғолияның Ұлан-Батор қаласында дирижер, ұстаз-консультант болып қызмет атқарды.

А.Жайымов ҚҰ консерваториясы домбыра кафедрасының жанынан қазірде өз алдына жеке кафедра болған, дәстүрлі ән, шертер, сыбызғы кластарының ашылуына белсене ат салысты. Сондай-ақ, 1991 жылы Құрманғазы атындағы оркестр құрамына алғаш рет қылқобыз, шертер аспаптарын өз алдына жеке топ ретінде енгізді.

Гастрольдік сапармен АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Австрия, Франция, Норвегия, Куба, Чехословакия, Қытай, Түркия, Ресей елдерінде болды.

А.Жайымов «Бейбарыс сұлтан» операсының (Арман Жайыммен бiрлесiп жазған, либреттосы Айтқали Жайымов, Ұлықбек Есдәулет), Төле бидің 350 жылдығына орай театрландырылған қойылымға жазылған музыканың (Арман Жайыммен бiрлесiп жазған, либреттосы Маралтай Райымбекұлы), «Ереуіл атқа ер салмай» (Халық аспаптары оркестріне арналған Күй-поэма), «Шалқыма», «Отпан тау» (домбыра мен оркестрге арналған концерттік күйлер), «Толғау» (қобыз бен оркестрге арналған поэма), «Балдәурен» (домбыра мен фортепианоға арналған үш бөлімді концертино), «Мен сәлем жазамын» (Абай), «Кемеңгер Құрманғазы» (Қадыр Мырза Әли), «Махаббат оты сөнбейді» (Ф.Оңғарсынова), «Аққулар» (А.Бақтыгереева), т.б. оркестрге арналған шығармалармен күйлер, ондаған романс, әндер, хорлармен бірге жеке домбыраға арналған 30-дан астам күйлерімен әртүрлі аспаптарға жазылған пьесалардың авторы. Сонымен бірге ол, Халық композиторлары Қорқыт, Кетбұға, Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Махамбет, Тәттімбет, Абыл, Есір, Байсерке, Қартбай, Қазанғап, Сейтек, Сүгірдің күйлерімен, қазақстан және шет ел композиторларының көптеген шығармаларын халық аспаптары оркестріне лайықтап түсірді. Ал Құрманғазының «Ақбай» және «Сарыарқа» күйлерін, түпнұсқасын еш өзгертпестен, хор мен оркестрге лайықтады.

А.Жайымов «Шалқыма», «Шаттанамын» жинақтары мен «Домбыра ойнау өнері», «Домбыра үйрету мектебі» (С.Бүркітов, Б.Ысқақов), жалпы білім беретін мектептің 5-6 сынып оқушыларына арналған «Музыка» (Б.Ысқақов, Ж.Еңсепов, Ж.Сәрсенбенов) оқулықтарының авторы.

Шәкірттері- ҚР еңбек сіңірген артисі А.Үлкенбаева, профессор Б.Ысқақов, ғылым кандидаттары- Ж.Еңсепов, Е.Тұңғышұлы, Ж.Нәжімеденов, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары- Е.Нұрымбетов, Ә.Шоқанбаев, Т.Естаев, Т.Тоғжанов т.б. Республикаға белгілі өнер шеберлері.