Мұхтар Шаханов
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір ауданы, Қасқасу селосында дүниеге келген. 1961-65 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алып, оқуды бітірген соң "Оңтүстік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, отандық телевизия, радио, редакцияларда жұмыс істейді. 1966 жылы «Бақыт», 1968 жылы «Балладалар», 1970 жылы «Ай туып келеді», 1974 жылы «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық», 1982 жылы «Махаббатты қорғау», 1988 жылы «Ғасырларды безбендеу» атты жыр жинақтары жарық көреді. 1984-1993 жылдар аралығында «Жалын» альманағының бас редакторы болып жұмыс істейді. Артынша 1986 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып орналасады. 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болғанға дейін Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет жасайды. «Сейхундария», «Күретамырды іздеу», «Арман», «Шың басындағы оқиға» сынды өлеңдері де философиялық ой түюге тұрарлық. Ақын өлең жазып қоймай, драматургия саласына үлес қосқан. Осыған дейін «Махаббат таңы», «Көкейтесті», «Сенім патшалығы» сынды пьесалары сахналанған болатын. Мұнымен қатар, «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тіліне аударылған.