Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM
Әсел Акбарова

Әсел Акбарова

Әсел Акбарова, "Хабар" арнасының тележүргізушісі  


1981 жылы 21 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Заң университетін бітірген. Еңбек жолы. «Хабар» телеарнасында 2010 жылдың мамыр айынан бастап еңбек етеді. Телевидениедегі алғашқы қадамын «Астана» телеарнасында таңертеңгілік бағдарламаның қазақ және орыс тілдеріндегі жүргізушісі ретінде бастаған. Тележүргізуші болу жолында... «Кішкентайымнан қолға түскен кез келген мәтінді айна алдында дауыстап оқып, өзімді тележүргізуші ретінде елестететінмін және сол елес, сол қиял балғын шақпен артта қалды. Бұдан кейін сол кезеңнің сұранысқа ие мамандығы – заңгер атануға бар күшімді салып, Қазақ Мемлекеттік Заң университетін тәмамдадым. Кәсіпқой қорғаушы «адвокат» болғанымды марқұм анам қалаған еді. Тұрмыс құрып, неше түрлі салада жұмыс істесем де, балалық арманымды жүрегімде сақтап жүрдім. Елордамыз өсіп, көз тартар көркейе келгенде, қалайда жұмыс табамын ғой деген ниетпен Астанаға көшіп келдім. Арналардың біріне тележүргізушілер керек деген хабарландыруды естіп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Ақыры 24 жастан аса бере «телевизияда» еңбек ету бұйырды. 21 қараша – дүниежүзілік телевизия күні туылғаным да бекер емес шығар». Тележүргізуші көтерген жүк. «Қарап отырған көрермендердің: «Әлгілердің жұмысы не? Келеді, оқиды, кетеді» - дегендерін өзім көп мәрте естігенмін. Өзім де бұл кәсіпке келмей жатып, осылай ойлағанмын. Қателесіппін. Оңай жұмыс жоқ. Бірақ сүйікті ісіңмен айналыссаң, қиындығы да ұнайды. Сол себептен мен қиындықтарды «талаптар» десем дұрыс болар. Бастысы, бұл мамандыққа батылдық, байсалдылық керек. Бұл қасиеттер жалпы бәріне артық болмас. Стреске төзімділіктің де орны бөлек. Миллиондаған аудиторияға хабар тарату, өзіңді лайықты ұстап, жүктелген сенімді ақтап, бір сөзбен жұмысыңды кәсіби орындап шыққанша, іштей мың өліп, мың тірілген кездерде орын алады. Тікелей эфир дегеніміз - көрерменнің көзіне көріне бермейтін, біліне бермейтін, бірталай адамның тынымсыз еңбегі - ұжымдық жұмыс. Ал тележүргізуші сол жұмысты қорытындылайды десем, әріптестер ренжімес. Сол себепті, бізге жүктелер жүк жеңіл емес - көрерменге хабарды лайықты жеткізу, әріптестер еңбегін ақтау. Бұл кәсіпте, үннің жағымды болуы да маңызды. Дауыс деген біреуге тумасынан беріледі, басқалары арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сосын дауыстан бөлек, мақамның, яғни дикцияның тазалығы қажет. Әрине, бет-бейненің келісімділігі де маңызды. Адамның жан-тәні өзара үйлесімде болса, оның көзі жайнай түседі, ерекше тартымды болады. Дене шынықтырудың да маңыздылығы кем емес. Спортпен шұғылданған адамның көңіл-күйі көтеріңкі, дене бітімі жып-жинақы келеді. Тележүргізуші ішкі дүниесін байыта беріп, көпжақты болғаны өзіне де жақсы, қарап отырған көрермендерге де білінеді. Бұл тұста айтпағым, жан-жақты тұлға ретінде қызықтырмасаң, жұмысың құрдымға кетеді». Отбасы, қызығушылығы. Жастайынан гимнастикамен шұғылданады. Боулинг ойнағанды және коньки тепкенді ұнатады. Сонымен қатар, әртүрлі ойжұмбақтар мен сөзжұмбақтар шешкенді жаны сүйеді. Сүйікті кітабы - Харпер Лидің «Убить пересмешника» еңбегі. Сүйікті актерлері - Том Хэнкс пен Николь Кидман. Қарапайым адамға тән қасиеттерді бағалайды. Алайда қатыгездік пен екіжүзділікті ұнатпайды. Арманы – екі қызы мен ұлының есейіп, өмірде өз орындарын тауып, бақытты болғандарын көру. «Бастысы қай салада болмасын жетістікке жетуді көздесеңіз, ең алдымен ісіңіз өзіңізге және айналаңыздағы адамдарға септігін тигізер, ғанибетті іс болуы тиіс», - дейді ол. «Өмір қалай шыр айналдырса да, пешенеңе не жазылса, соған келесің. Сосын армандаудың тылсым күшін де ұмытпаған абзал. Егер бар жан-дүниеңізбен армандасаңыз, оған қадамдансаңыз, өз-өзіңізге деген сенімді жоғалтпай, аяғыңызды артқа тартар неше түрлі үрейлерден құтылсаңыз діттегеніңізге қол жеткізесіз», - деп кеңес береді.