Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM
АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

Атадан қалған асыл сөз

Таза мінсіз, асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқыса шығады.

                           Асан қайғы

Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше жанры – шешендік өнер. Даналықтың үлгісі болған бұл жанр ғасырлар бойы халық сынынан өткен асыл мұра, құнды қазына. Бастауында Майқы би мен Аяз би тұрған, Жиренше шешен мен Асан қайғы тұрған осынау баға жетпес байлықты Шалкиіз, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер одан әрі дамыта түскен.

Қазақтың тапқырлық, шешендік нақыл сөздерін жинағандардың бірі – Ы.Алтынсарин. Ол Ізбасты Байұлы, Жәнібек батыр, Жиренше шешен тағы басқа да би-шешендер даналығын өзінің хрестоматиясына енгізіп, балаларды адамгершілікке жетелейтін тәрбие құралы ретінде пайдаланған. Ал М.Әуезов 1927 жылы басылып шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде шешендік өнердің астарына тереңірек үңілді. С.Сейфуллин де би-шешендердің әлеуметтік қызметін, даналық сөздердің ауыз әдебиетінде алар орнын анықтап, өзінің «Қазақ әдебиеті» кітабында жан-жақты зерделеп жазды. Халық ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, ерекше еңбек сіңіргендердің бірі – А. Байтұрсынұлы. Ол шешендік өнерді жеке-жеке талдап, «шешен сөз», «көсем сөз» және «дарынды сөз» деп үш топқа бөлген. Біздің заманымызға жеткен шешендік сөздердің әдеби құндылығы халықтық, фольклорлық сұрыптаудан кейін арта түсті.

Қазақ радиосы ашылғаннан бастап шешендік сөздер арнайы айдармен беріліп тұрған деген дерек бар, өкініштісі, ол таспалар сақталмаған. 1948 жылдан бастап фольклорға қатысты Қазақстан төңірегінде жүргізілген түрлі экспедицияларда сол кездегі сапасы төмен магниттік лентаға көпті көрген көнекөз қариялардың шешендік өнер жайындағы сұхбаттары жазылған. Сол таспалардағы шешендік сөздер 2002-2004 жылдары Қазақ радиосы дикторларының оқуында жаңартылып, тыңдарманға жол тартты. Ұзақтығы 35 сағатты құрайтын сол еңбек осы жинақтың құндылығын арттырып тұрғаны анық. Атадан қалған асыл сөз – уақыт өткен сайын құны арта түсетін мирас, сіздің қолыңызда!



Бағдарламалар мұрағаты