
БАТЫРЛАР ЖЫРЫ
Қазақ халқының эпосында батырлар жыры – ең бір мол сала. Бұл дастандар сонау бір бағзы замандарда Орта Азия, Қырым мен Еділ бойын жайлаған көшпелі тайпалар бастан кешірген тарихи оқиғалардың поэтикалық көрінісі.
Мұхтар Әуезов
Батырлар жыры, қаһармандық эпос – қазақ ауыз әдебиетінің көне жанры. Батырлық жырлар тарихи оқиғалар мен басты кейіпкердің бейнесі арқылы батырға тән ерлікті, бірлікті, елдікті, тұтастықты насихаттайтын көркем туынды.
Ғалымдар Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығы жайлы көп еңбек жазды. Олардың кейбір ой-пікірлері үнтаспаға жазылып, Қазақ радиосының «Алтын қорына» енгізілген. Р.Бердібаев пен Ш.Ыбыраев зерттеулері де құнды деректердің көзін ашты.
Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Ш.Уәлиханов пен А.Байтұрсынұлы зерттеулеріне сүйене отырып, Ә.Марғұлан ұсынған. Ш.Уәлиханов және орыс ғалымдары халық аузынан жазып алған «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырлары Қазан, Уфа қалаларында жарыққа шыққан. Одан кейін Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедов біраз зерттеулер жүргізді. Ал, ХХ ғасырда С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин қазақ эпосының халықтық сипаты, идеясы, көркемдігі туралы зерттеулер жазып, қазір көпшілікке таралып кеткен батырлық жырларды жариялады.
Батырлар жырынан қазақ халқының көркемсөздегі даналығын да аңғаруға болады. Жалпы батырлар жырын пайда болу кезеңдеріне қарай ірі үш топқа бөлеміз. Біріншісі, ең көне заманғы ертелік эпос. Екіншісі, тарихи кезеңдер эпосы. Үшіншісі, жаңа дәуір эпосы, тарихи жырлар. Осы эпостағы халық аузында кең тарағаны «Қобыланды батыр» жыры.
Қазақ радиосының «Алтын қорында» әр жылдары жазылған батырлар жыры бар. Батырлар жырының 50 нұсқасы 2015 жылы термеші А.Әбдуәлінің ұйымдастыруымен елге белгілі жыршылардың орындауында үнтаспаға қайта жазылды. Аталған жырларды «Аманат» жинағынан сіз де тыңдай аласыз