Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM
ӘНДЕР

ӘНДЕР

Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді.

М. Әуезов

Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі.

Ж. Жабаев

Жаратылыстың шеберлігінде шек жоқ. Тіршіліктің тіні, өмірдің өзегі өзінің қайталанбас ғажайып кескінінде, ғаламат болмысында. Өзгеріп тұратын өміршең бояуында, сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында, алуан ән-әуезге малынып тұратын үндестігінде жатса керек. Сұңғыла сөз, сұлу ән қашанда адам жүрегінің лүпілін жеткізіп, сыршыл көңілдің небір нәзік иірімдерін, майда қоңыр мақпал тыныштығын сазды самал болып баурайтыны анық. Тегінде қазақ әншілерін бұлбұл үнге, сандуғаш сазға, бозторғай дірілге теңеген. Сыңғырлап шыққан сырлы әуеннің әрленіп, көңілдің кіршіксіз көкжиегінде жұлдыздай жарқырайтыны сондықтан. Құлақтан кіріп, бойды алатын қазақтың ән өнері де – сонау ескі заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы. Небір қиын замандар өтсе де, бабаларымыз толғамды тарихын ұрпағына ән қылып қалдырып, ұлттық өнерді өлтірмей, құймақұлақтықпен бүгінге жеткізді. Қазақтың ән бұлағы – жай бұлақ емес. Таңдайда дәмі, жүректе сазы ұзақ сақталатын тұщымды да нәрлі бұлақ. Қарбалас тірліктің күнделікті күйбеңінен қашып, даңғаза музыкадан жалығып, дел-сал күй кешіп отырған шақта ұлтымыздың жүрек үнімен үндес халық әндерін тыңдағанға не жетсін!

Халық әндері – ауызша дәстүрмен халық жадында сақталған әуен. Ол қай дәуірде болмасын бағасы бөлек өнер. XX ғасырдың басындағы ұлт зиялылары халық әндері арқылы ұлттың бар болмысын, рухын ұрпақ бойына сіңіре алатындығын түсінді және осы жолда аянбай еңбек етті. Мәселен, С.Сейфуллиннің демеушілік пәрменімен этногроф-ғалым А.В. Затаевич 1925 жылы «Қазақтың 1000 әні» жинағын жарыққа шығарды. Ал, 1931 жылы тағы бір еңбек, яғни, «Қазақтың 500 әні» нотаға түсті. Қазақ үшін осындай құнды еңбектердің қатарына әнші, журналист Ж.Кәрменовтің 1990 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген екі томдық «Қазақ әндерінің антологиясы» жинағын жатқызуға болады.

Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы ұлттың ән өнері жан-жақты зерттеліп, қайта жаңарып, әрі жаңғыртылып жатыр. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық ән-күйімізді дәріптеу жолында біршама жұмыс атқарылды. Солардың ішінде ұлттық музыка мәдениетіне қатысты айтулы оқиға – қазақтың ғұрыптық өлең-жырларынан бастап, әйгілі халық композиторлары шығармаларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясы. Қолыңыздағы «Аманат» жинағының бір ерекшелігі, бұл кітапқа ғасырлық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» ескі үнтаспалар қайта өңделіп, әндер алғаш орындаушы үнімен түпнұсқа қалпында берілген. Әр шаңырақта әсем ән әуелесін!



Бағдарламалар мұрағаты