
САЛТ-ДӘСТҮР
Халқын сүйген – салтын сүйер.
Салт-дәстүрін ел бұзбас,
Уәде-сертін ер бұзбас.
Халық даналығы
Қазақ өзінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін қалыптастырған халық. Сан ғасырлар көшінде қалыптасқан ұлттың мәдени дәстүрі қайырымдылық, ізеттілік, имандылық, қонақжайлылық және өнегелі істің көрінісі іспетті. Жалпы қазақтарға қонақжайлылық қасиет ежелден тән. XIX ғасырдағы зерттеуші ғалым Виктор фон Герн «Қазақтар жылы жүзділігімен, қайырымды, ақ көңілділігімен таң қалдырды. Бұл олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен асыл қасиет», - деп жазған екен. Ал, XIX ғасырда өмір сүрген неміс зерттеушісі фон Хелльвальд «Қазақтардың киіз үйіне кіріп жайғасқан адам өзін біреу «тонап, я болмаса өлтіріп кетеді-ау» деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне болады», - деген ой-пікірін қағазға түсірген.
Жалпы қазақтың салт-дәстүрі жайында қалам тартқандар көп. Мәселен, Ы.Алтынсарин «Орынбор ведомствасы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты ғылыми-танымдық еңбек жазса, А.Байтұрсынов «Қазақ мәдениеті» атты ғылыми еңбек қалдырды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып төңірегінде Қорқыт атадан бастап Захир ад-дин Мұхамед Бабыр, Мұхамед Хайдар Дулати, Әбілғазы Баһадүр хан, Марко Поло, Молданияз Бекімов, Өзбекәлі Жәнібеков, Әлкей Марғұлан және тағы басқалар қалам тербеген. Солардың ішінде Ш. Уәлихановтың зерттеулері бір төбе.
Қазақ халқының салт-дәстүрі ұлттың мінез-құлқын, қасиетін көрсетеді. «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген даналық бар. Сәт сайын жаңарып, дамып бара жатқан өркениетке өз бояуымен, өз ғұрпымен келген қазақ халқының салты ерекше ғой. Ешбір елдің дәстүрінде жоқ қазақтың тұрмыстық, ғұрыптық әндері де осы «Аманат» жинағында да бар.