Ләззат Ноғайбай
Өзім туралы қысқаша ақпарат:
- 2012 жылдың желтоқсанына дейін «Ляззат Ногайбаева» едім, кейін құжатымды қазақшалап, Ләззат Ноғайбай болдым.
- Шығыс өңірінің тумасымын.
- М. Әуезов атындағы Семей университетін тәмамдадым.
- Танымайтын жандар мені бір көргеннен өзімшіл деп қалуы мүмкін, бірақ олай емес, рас, сеніңіз. (жымиып отырмын).
- Алғашқы мақалаларым 2005 жылы «Қарасу жаршысы» мектепішілік газетінде жарияланып, жергілікті әкімшіліктің, мектептің және ауылдағы үш дүкеннің қабырғаларына, әр аптаның сәрсенбісінде ілінетін.
- Мақалаларым Жарма аудандық «Рауан Восход» газетінде және танымал журналист Лейла Оразбаеваның сеніп тапсыруымен Семей қаласындағы «Лига молодых журналистов» журналында да шыға бастады.
- Радио жүргізуші ретіндегі қызметім Семей қаласындағы "Радио7" қалалық радиосында басталды. Микрофон мені жатырқамады. Бірден тікелей эфирге шығып кеттім. Әрине, алғашқыда қобалжыдым, бірақ мәтін оқығанда қателескен емеспін. Тәжірибе жинап, елордалық "Астана" радиосына жұмысқа тұрдым. Кейін миллиондаған тыңдарманы бар республикалық Қазақ радиосына ауыстым.
- «Өркениет өрісі», «Бәсекелестік бағытында» хабарларын жүргізіп, Үкімет басшысы орынбасарының, Қаржы әрі байланыс және ақпарат министрліктерінің дипломдарымен, Алғыс хаттарымен марапатталдым.
- Адамдарды жақсы көремін. Сондықтан болар қажет екенін байқап қалсам, қол ұшын созуға әзір боламын. Айналамдағыларды тануға тырысамын (тіпті бір подъезде тұратын көршілерімді де), кейбір жандардың мен «кемшілік» деп санайтын қасиеттерін байқап қалсам, әрекеттері немесе (біреуге қарата) айтқан сөздері ұнамай қалса да, бойларынан мейіздей болсынжақсы қасиеттерін іздеп табамын.
- Кейде не себепті «жоқ» екендігін түсіндіріп жатпас үшін, «иә, жақсы» деп жауап беретін кездерім болады.
- Жанұямды қатты жақсы көремін. Күнде хабарласып, әр қайсысының дауыстарын естіп, қалдарын біліп отырамын. Сондықтан бейне-қоңырауларды ойлап тапқан инноваторға алғысым шекіз.
- Өлең оқуды ұнатамын. Аудандық Мұқағали оқуларында жеңіп, облыстық байқауға жолдама алғанмын. Бірақ ақпанның ақ боранында жолдар жабылып, дайындалып жүрсем де, облыстық байқауға қатыса алмадым.
- Отандық журналистер Бейсен Құран бек, Амангелді Құрметұлы, Мейіржан Әлібек, Дана Нұржігіт, Мая Бекбаеваның , шетелдік Ольга Белова, Владимир Познер, Юлия Меньшова, Опра Уинфридің хабарларын қызыға көремін, тыңдаймын. Кейбір ойлары мен сұрақтарын түртіп аламын. Отандық арналардың жаңалықтарын қалт жібермеймін.
- Оқыған кітаптарымның әсері болар, бұрыннан бері ұстанған қағидаларым кейде өзгеруі мүмкін. Жұлдыз жорамал бойынша - таразымын.