
БОЛАТБЕК ТӨЛЕПБЕРГЕН
Төлепберген Болатбек Көрпебайұлы
1974 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы «Жайылма» ауылында дүниеге келген. 1991 жылы ауылдағы орта мектепті күміс медальға бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультетінде оқыған. 2010 жылы Ұлттық Ғылым Академиясы Философия және саясаттану институтында Философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі.
Еңбек жолын «Өркен» және «Жас алаш» газеттерінің тілшісі болып бастаған. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Зерде» журналы бас редакторының орынбасары, «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары, ҚР Президенті Телерадио-кешенінің редакторы, «Асар» жастар газетін ұйымдастырушы, бас редакторы, «Журналист» газетінің редакторы болды. 2008 жылы Шалқар радиосының Бас редакторы, 2012 жылы Қазақ радиосы директорының орынбасары – Шалқар радиосының директоры, 2019 жылы Шалқар радиосының директоры қызметтерін атқарды. 2024 жылдан қазірге дейін Шалқар радиосының Бас редакторы.
Ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері турасында өз авторлығымен және құрастыруымен жиырма кітапты жарыққа шығарған. «Сүйікті менің отаным» және "Тәуелсіздік бесігін тербеткен" атты деректі фильмдердің авторы.
Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Атамұра» корпорациясының жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиясының тұңғыш иегері (1993), «Сорос-Қазақстан» жас жазушылар бәйгесінің жүлдегері (1996), Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты (2003), «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері (2008), Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (2008), ҚР Мәдениет қайраткері (2009), ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты (2011), "ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы" мерекелік медалінің иегері (2016), Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төс белгісі иегері (2020), Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғысы» мен «Барыс» төсбелгісінің иегері (2024), Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының "Түркі дүниесі мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін" медалінің иегері (2024), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2024), Жамбыл облысына сіңірген «Еңбегі үшін» медалінің иегері (2024), Жамбыл облысы Сарысу ауданына сіңірген «Еңбегі үшін» медалінің иегері (2024), «Қонаев университетіне 30 жыл» мерейтойлық медалінің, «Ықылас Дүкенұлы мерейтойлық» медалінің және Халықаралық Махамбет қоры медалінің және «Ахмет Байтұрсынұлы» медалінің иегері (2024), Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен өткен «Асқақ рухты Әулие ата» республикалық әдеби-мәдени байқауының «Проза» номинациясы бойынша Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлығының лауреаты (2024).