Алтыным-ай
Алтыным-ай
халық әні
Барады ауылым көшіп Көлмекөлге,
Көлмекөл алыс дейді көрмегенге.
Кетсе де ауылың алыс, беу қарағым,
Жаз шығар, күн күркіреп өлмегенге.
Қайырмасы:
Ой, ахау алтыным-ай, күмісім-ай,
Аман жүр қайда жүрсең, туысым-ай.
Қара Ертіс, қайран өзен, Нарын, Күршім,
Түскенде Күршім еске жат та көрсін.
Дүниеде туған жерге жетер қайда,
Шет жерде аңсап жүрген күнім құрсын.
Қайырмасы:
Ой, ахау алтыным-ай, күмісім-ай,
Аман жүр қайда жүрсең, туысым-ай.
Біздің ел Қара Ертісті қыстайтұғын,
Шағимен түлкі тымақ тыстайтұғын.
Ей, тағдыр, мен не қылдым, сен не қылдың,
Осынша шыбын жанды қыстайтұғын.
Қайырмасы:
Ой, ахау алтыным-ай, күмісім-ай,
Аман жүр қайда жүрсең, туысым-ай.