Шалқар ұлттық арнасы 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды Шалқар бағдарламасы атауымен алғаш эфирге шықты. 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласына, кейіннен эфир уақыты ұлғайып, Республика аумағына хабар таратты.

     Шалқар радиосы - республикадағы тек қана қазақ тілінде ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна. Радио қазіргі кезде ел аумағының 62,4 пайызын қамтиды.
     Шалқар ұлттық арнасының басты мақсаты - қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттау. Алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.

     Радиода әр жылдары белгілі журналистер: М.Жантикин, Е.Әбдіғапаров, Т.Рсаев, У.Қыдырханов, Е.Қашқынов, Ғ.Есенсариев, А.Еңсебайұлы, Т.Момбекұлы, Ғ.Игісін, Д.Исабеков, Г.Қабланова, А.Иманбаева, Л.Қапышевалар және талантты дикторлар: С.Жақанова, О.Қалмырзаев, Ұ.Бармашқызы жұмыс істеді.
Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна «Шалқар таңы», «Шалқар шаңырағында, «Шалқар кеші көңілді», «Ән домбыра», «Алтын қор», «Әлқисса», «Сөз киесі», «Киелі Қазақстан», «Күй шашу», «Дәуір сазы», «Әдебиет әлемі», «Сөйлеу мәдениеті», «Дәстүр», «Жақсының жары» және «Бесігіңді түзе» сынды хабарларын ұсынып келеді.

      «Замана бұлбұлдары» айдарынан Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, «Бізге қымбат дауыстар» айдарынан Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың концерттері берілуде. Өнер дүлдүлдерінің үнтаспаға жазылып алынған шығармаларын тұрақты түрде беру дәстүрге айналған. Сондықтан да Шалқар ұлттық арнасы арқылы таралатын музыкалық хабарлардың маңызы зор, көтеретін жүгі ауыр.
Радио 2012 жылы Нұрсұлтан қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Жетілген сандық технология орнатылған. Мұны игеру арқылы радио мультимедия сапына қосылды.
     Шалқар радиосы ұлттық арна атына сай 2020 жылдың 1 қыркүйегінен басталған жаңа маусымнан тек қана қазақтың дәстүрлі музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы - қазақтың әні мен күйін, сағындырған ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды! Яғни, Шалқар радиосының контенті де, музыкасы да таза ұлттық бағытқа көшті. Эфирден берілетін музыкалары: тек дәстүрлі музыка, халық әндері, күй, жыр, толғаулар, оркестрде орындалған күйлер, термелер, күйлер мен ретро т. б. Ал арнайы эстрадалық музыкаға арналған бағдарламада ғана эстрадаға өңделген халық әндері мен қазақы сипаттағы эстрадалық әндер берілуде. Радио форматына сай имидждік роликтері, подложкалар, жаңалықтар роликтері т.б. ұлттық бағытта жаңаланды.

     «Алтын қордың» мүмкіндігімен бірқатар роликтер сериялары эфирде жүріп жатыр. «Алтын қордағы тұлғалар дауысы!», «Алтын қордан ән тыңдайық!», «Алтын қордан күй тыңдайық!», «Сөзтаным», «Асыл мұра» сынды роликтер сериясы бойынша «Алтын қордағы» тарихи тұғаларымыздың дауыстары, ел есінен шыға бастаған ескілікті ән-күйлер беріледі. Дәстүрлі әншілерімізбен күйшілерімізді насихаттауға арналған «Күй құдірет», «Ән аманат» роликтер сериясы да тыңдарман көңілінен шыққан дүниелер.