«Менікі емес тәрізді…»

Тағдырыма жазсам ба екен арызды,
Жоғалттым деп, аяулымды жаны ізгі…
Басым, кеудем, жүрегім де Құдай-ау,
Менікі емес тәрізді…
Көздерімнен мұң ауырлап кеткендей,
Сөздерімнің құны жерге шөккендей.
Сүре алатын адам көп қой өмірді,
Сүйе алатын жан жоқ деп ем тек мендей!
Жаратқанға ауыр өкпе айта алмай,
Сені сүйген жар жолымнан қайта алмай…
Тыныш ұйықтап жүр ме екенсің түндерде,
Жер үстінде қалай жүрсің шайқалмай!
Үнсіздігім шексіздікке тығылып,
Түн ішінен тағы шықтым тіріліп.
Жанарымнан жылап түскен сағыныш,
Кірпігіңе қалды ма екен ілініп…
Әлде оны жүр ме екенсің жасырып,
Құлатуға, ұмытуға асығып.
Екеумізді бір адамбыз деп жүргем,
Қай қиырда қалдық екен шашылып…
Өлеңді оқыған – Гүлнұр Ахметжан.