Оралда Құрманғазы мен Динаның ескерткіші ашылды

Бүгін Орал қаласында Құрманғазы мен Дина Нұрпейісова атындағы көшелердің қиылысындағы алаңда қос күйшіге орнатылған ескерткіш салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, зиялы қауым өкілдері және Дина ұрпақтарының бірі Бағила Бишаева қатысты.
«Домбыра қазақтың жан-жүрегі іспеттес. Ұлан-ғайыр даладан шыққан ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Міне, бүгін күй атасы Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашып отырмыз. Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл толды. Осыған орай зиялы қауым өкілдерімен ақылдаса келе, Дина Құрманғазының шәкірті болғандықтан, екеуіне бір композиция қоюды ұйғардық. Оның үстіне қос күйші атындағы көшелердің қиылысында орын тепкені жөн деп шешілді. Дала данышпандары Құрманғазы да, Дина да өз күйлерінде еліміздің азаттығын аңсады. Бұл еркіндікке олардың ұрпақтары жетіп отыр. Осынау ойымыздың Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асқаны айрықша қуаныш үстейді», - деді өңір басшысы.