Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

Маралтай Райымбекұлы: Дипломды 23 жылдан кейін алдым

Маралтай Райымбекұлы: Дипломды 23 жылдан кейін алдым

Алты Алашты аузына қаратқан талантты ақындар аз емес. Солардың бірі – «Ай нұры», «Ай», «Кентавр» кітаптарының авторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Маралтай Ыбыраев.

Ол 2007-2008 жылдары жарық көрген «Кентавр» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасында әдеби кеңесші, төраға орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің «Жас қалам» қосымшасының редакторы болған. Бірнеше жыл Қазақ радиосында қызмет атқарған. Әдебиетке дүниені дүр сілкіндіріп келген дарын иесімен «Әдебиет әлемі» хабарында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Маралтай Райымбекұлы, әңгіменің әлқиссасын өзіңіздің туған ауылыңыздан бастаңызшы.

- Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Игілік деген ауылында 1969 жылы дүние есігін ашқан екенмін. Туған күнім құжатымда 29 сәуір деп көрсетілген. Апам «1 мамыр күні туғансың» дейді. Ал нағашы апам өткенде «әй, мен сені 30 сәуір күні тудырып алғанмын» деді. Сонда менде қазір үш туған күн бар. Бұрын екеу еді. Әрине, әркімге өзінің туған жері – «Мысыр шаһары» дейді. Сол Сарысу деген – ғажайып жер менің Мысыр шаһарым. Ол жер бетіндегі ең бір аяулы, қымбат, табиғаты көркем жерлерден ешбір кем емес. Шөлейтті, ар жағы қырға ұласып кететін, батысымыз Оңтүстік Қазақстан өңіріне қарасты Созақ ауданына, бер жағы Жамбыл облысының Талас ауданына ұласып кететін әдемі жерде өмірге келдім. Жатсақ-тұрсақ сол жер көз алдымызға елестейді. Сол ауламыз, бақайымды ұрып қанатып алған тас та көз алдымда. Өрмелеп шығып құлаған талдарымыз да көзге елестейді. Үйдің бұрыш-бұрышы, қуыс-қуысы, ойға, мұңға батып отырған бөренелердің үсті, тастың қасы, тамның үсті, шатырдың іші, жұмыртқа ұрлаған көрші-қолаңның тауық қорасы, алма ұрлаған бау-бақшалары да есте. Сонда иелері «балалар, алманы алсаңдар да, талдың бұтағын сындырмай алсаңдаршы» деуші еді. Қызға ғашық болып, хат жазған кездеріміз, аспандағы жымыңдаған жұлдыздарға көз суарып, қиялымызды жүгірткен сәттер, көшеде жатып алып, күндіз күн түскен асфальт түнімен жылылығын сақтап тұрады. Балалармен сол жылы жолдың бойында жатып алып қиялдап, өскенде кім болатынымызды, кім кімнің қызын жақсы көретінін айтып, біреуден таяқ жегеніміз туралы, басқа да небір айтып жеткізе алмайтын қызықтар жайлы әңгіме қылып, осындай қызықтарды бастан кешіріп өсіп-өнген ауылым – Игілік. «Игілік» деген өлеңім де бар. Соны оқып берейін.

Игілік

Ару сүйдім ерінімді күйдіріп,

Шарап іштім шараяққа құйдырып.

Соның бәрін жүрегіме сыйдырып

Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік.

Табанымды топырағың күйдіріп,

Алпыс екі тамырымды идіріп,

Сол баяғы алқам-салқам қалпымда

Мен келдім ғой, айналайын, Игілік.

Анам қайда ауызында тобасы?

Әкем қайда?

Жатыр, әне, моласы. Қоңыр мұңға қоңыр қобыз қосқандай Жанарымның жәудіреген қарасы.

Ей, жанарымның жәудіреген қарасы!

Анау Біржан жылап тұр ма, қарашы.

Жесір жеңгем күтіп шықса алдымнан

Жетім ұлдың жетілген ғой санасы.

Қалды сенде жастық деген жан әнім.

Жан әнімнің неге жырттым парағын? Алатаудай асқақ едім. Мен бүгін

Сені көріп, аласарып барамын.

Жортсақ та сонау күннің түбіне,

Күңірене сұлу фәниден түңіле

Бейбарыстай жусаныңа ынтығып,

Саған жетіп жығылармыз түбінде.

Жығылармыз, тағдыр заңы ол дағы

Тағдыр деген жезөкшедей жолдағы

Пәк қалпында алып кеткен жанымды

Ақ қалпында алып берсем болғаны.

- Ауылда бос уақыттарыңызды қалай өткізуші едіңіздер?

-Ол туралы көп нәрсе айтуға болады. Жазда ауылдың сыртында «Оманақ» деген арық ағып жатады. Соның тұйықталып, тоған жасаған жері бар. Сол жерге су жиналады. Үйдегілер түсте бір сәт дамылдап, ұйықтаған кезде ұрланып, сол жаққа қарай тартып кетеміз де, суға шомылып, балық аулаймыз. Балалардың қуанышты дауыстары естіліп жатады. Кейіннен есейгеннен соң қарасақ, сол су батпақ-батпақ құр бақаның лашығындай ғана жер екен. Бірақ сол кезде біз үшін одан мөлдір, одан терең су болған жоқ еді. Сондай бір ғажайып сәттер өтті ғой. Содан соң 5-6 бала бірігіп, есек арбамен совхоздың егіндігінен, жүгері шабындығынан шөп ұрлап таситынбыз. Көрші совхоздың аумағына да кіріп кететінбіз. Егер сол жерлердің қарауылдары ұстап алса, есегіміз бен ертоқымымыздың бәрін тартып алып, өзімізді жаяу қайтаратын. Содан әкелеріміз, ағаларымыз барып, өзімізге қайтарып әкеліп беретін. Біз одан кейін қайтадан баратынбыз. Түрлі-түрлі ойындар ойнайтынбыз. Қыстың күндері жолдың бойында хоккей ойнайтынбыз. Ауылда көліктер сирек жүретін. Жаздың күндері де ойындардың неше түрлісін тауып алатынбыз. Содан соң кітап оқитынбыз. Кітапқа қатты құмар болдық. Мазмұнына мән беріп, авторларына мән бермейтін едік. «Жасыл көлдің құпия тұрғындары» деген кітап ерекше есімде қалыпты. Шынымды айтсам, сол кітап қазақтыың жазушыларының бірінікі. Оның авторын білмегенім үшін кешірім сұраймын. Сол кітап қолдан-қолға таралып оқылды. Кімнің үйінде жақсы кітап болса, соны қолымызға алмайынша тағат таппайтынбыз. Парталас сыныптасым Гауһар Мәулешова бірде: «біздің үйде «Робинзон Крузо» бар» деді. Содан сол күні есім қалмай, Гауһардың кітаптарын сөмкесіне салысып, оны көтерісіп, мақтау сөздерімді айтып, мектептен соң үйіне дейін бірге барып, әлгі кітапты алғанымда жүрегім жарылардай қатты қуанған едім. Жалпы, кітаптар жайлы көп әңгіме айтуға болады. «Бойжеткен» атты кітап оқыдық. Ол қателеспесем, Адам Мекебаевтың кітабы болуы керек. Сонымен қатар «Ұят туралы аңыз» деген Марал Ысқақбаев ағамыздың кітабы да есімде. Сондағы кейіпкер – Аусар деген вундеркинд бала. Ол 6-8 айынан бастап неміс, орыс, қазақ тілдерінде сөйлейді. Содан соң Шоқан Әлімбаевтың фантастикалық дүниелері бар, басқа да шетелдік классиктердің кітаптары бар талғамсыз, талғаусыз оқи беретін едік. Соның бәрі – қызық шақ еді. Кезінде Үриса апамыздың Төлеген Айбергенов туралы айтқаны бар. «Бір күні Төлеген Айбергенов 2 сыныптың табиғаттану кітабын оқып отыр» дейді. Соны көріп, «үй не істеп отырсың?» десе, «ақынға ештеңе артықшылық етпейді» деген мағынада жауап беріпті Төкең. Сол сияқты мектеп оқулықтарын бір парақтап шыққан да ешкімге артықтық етпейді. Қайта көп нәрселерді еске түсіресің. Өйткені өмір тылсым дүниеге толы ғой. Ол – үйлесім, гармония. Біз соның кішкентай ғана түйіршік, тозаңымыз. Арман-қиялымыздың бәрі ауылда пайда болды. Қазір қазақ халқының алдында сөйлей алатын азамат болсам, соның бәрі балалық шақта оқыған кітаптардың, бағыт-бағдар берген үлкендер мен ұстаздардың арқасы. Оларға деген алғысым шексіз.

- Мектеп табалдырығын аттаған күніңіз есіңізде ме? Сол туралы айтып беріңізші.

 -Әлбетте, есімде. Әке-шешем қойшы болды. Мен қойды ауылда, үйде жалғыз өстім. Үйдің еркесі болдым. Алдымдағы аға-әпкелерім мектепте оқығандықтан, олар ауыл орталығында болды. Балалық шағым бақытты өтті. Мен мектепке баратын кезде әке-шешем қойларын өткізіп, ауылға менімен бірге барды. Сол кезде мен киіз үй мен қойшылардың лашығынан басқа ештеңе көрмегенмін, ауылдағы төрт бұрышты үйлерді, электр жарығын көріп, таң қалдым. Электр шамынан көз алмай қарап отыра беретінмін. Құдды бір қазіргі 21-ғасырдағы өркениетке тап болғандай күй кештім сол кезде. Бала күнімде тілімде мүкістік болды. Ол қазір де бар. Бұрыннан қалған архаизм сияқты. Ол кезде түрім де біртүрлі болса керек. Ауылға бөтен ит кіріп кеткендей, балалардың барлығы маған өш болды. «Сақау-сақау» деп мазақтап кететін. Мен өзім желаяқ болдым. Қашсам жеткізбеймін, қусам менен ешкім құтыла алмайтын. Ұстасам, қыршып тістеп, безілдетіп қоя беретінмін балаларды. Содан сабақтың басталуына бір ай қалғанда мені үйдегілер мектептің қандай болатынынан хабардар етіп, оқуға дайындады. Сабақ басталған күні әпкем алып барды. Бұрын-соңды ондай көп адамды көрмеппін. Бәрі өзім сияқты балалар. Сол мектеп 8-сыныптық болатын. Сондағы 8-сыныптың балалары маған үлкен кісілер сияқты болып көрінді. 7-сыныпта оқитын Айдар деген бала бар-тын. Ол деген үлкен жігіт сияқты мен үшін. Сол бала мені мазақтады ғой деймін, әйтеуір, мен үйге қарай қаша жөнелдім. Ол қуып жетіп, мені қапсыра құшақтағанда басыммен бетінен ұрып кеп қалдым. Оның тісі сынбаса да, соққым қатты тиді-ау деймін. Осылайша, мектеп мен үшін бірінші күнінен бастап азаппен, мехнатпен, қиыншылығымен басталды. Бәрі мені кемсітіп тұрған сияқты өзімді ыңғайсыз, қолапайсыз сезінетінмін. Ауызша сабақтар мен логикалық сұрақтарды қағып алып, бірден жауап беріп отыратынмын. Бірте-бірте әріптерді үйрендік.

 - Осы уақытқа дейін ешкімге айтпай келген құпияңыз бар ма?

-Жалпы, өзім сөзге ашық адаммын. Бағанадан біраз дүниені айтып тастаған сияқтымын. Жасырып-жабар құпиям жоқ-ау. «Өлең деген өсекші жұртқа жаяр» деп Абай айтпақшы, өлеңдеріммен де біраз нәрсені айтқан шығармын, алда да айтуым мүмкін. Жұмекеннің мынандай өлеңі бар еді:

Көл күледі,

күлмегенде қайтеді Жасыра сол қоқтығын. Мен күлемін,

күлмегенде қайтемін Жасыратын жоқ түгім, – дейді. Сол сияқты менің де жасыратын түгім жоқ. Жеке өмірім, шығармашылығым – бәрі халықтың алдында өтіп келе жатыр.

- Оқуға қалай түстіңіз?

 -Мектеп бітірген соң мен суретші болып бір жыл мектепте жұмыс істедім. Ауылдағы мектептер «жаңа мектеп» және «ескі мектеп» болып екіге бөлінетін. Ескі мектепті шеберхана қылып қойған болатын. Оқушы күнімнен бастап сонда жұмыс істедім. Жасайтыным – мектептің бояу-сызуы, кабинеттердің жабдығы. Оқуға бармай сонда жұмыста қалғанмын. Бірде қыстың күні жұмыс істеп отырсам, бір бала келіп, мені жаңа мектепке шақырып жатқанын айтты. Іле-шала жаңа мектепке барсам, директордың кабинетінде мен танымайтын салиқалы-салмақты, парасатты, зиялы 4-5 адам отыр екен. «Мына суреттерді салған сен бе? Бұдан басқа да суреттерің бар ма?» деп сұрады олар менен. Содан мен оларға мектептің жұмысынан басқа да өзімнің жеке шығармашылығымдағы графикалық және майлы бояумен салған суреттерімді көрсетіп едім, таң қалды. «Сен дайын суретші екенсің ғой» деді. Сөйтсем, бұл кісілер Жамбыл облыстық педагогикалық институтынан келіп отырған көркем сурет кафедрасының деканы мен ұстаздары екен. Содан олар мені оқуға қабылдайтын болды. Бірақ мен «Алматыға барып, «КазГу»-дің журналистикасына түссем, ақындардың ортасында жүрсем» деп армандап жүрген болатынмын. Мұнымды апама келіп айтып едім, ол кісі: «Балам, «шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген сөз бар. Сондықтан осы жер шақырып отырғанда қалма» деді. Апамның сөзі талқыланбайтын. Әкем де бәрі апамның сөзіне тоқтайтын. Оның үстіне, облыс орталығы біздің ауылдан 160 шақырым ғана қашықтықта жатқан. «Егер Алматыға, алысқа барсаң, қарның ашады» деді апам. Марқұм шешем де тірі еді ол кезде. Бір жағы оған дейін ешкім менің шығармашылық жұмыстарымды «өнер» деп қабылдамайтын. Содан амалсыз кеттім. Үйдегілердің бәрі мені қимай шығарып салды. Өзім өмірі ауылдан ұзап ешқайда шығып көрмеген бала болатынмын. Апам 1 сомдықтан 60 сом салып берді. Жамбылға келдім. Ол кезде қаланың аты осылай аталатын, Тараз болып өзгертілмеген кезі. Жамбылда Макаренко деген мектеп-интернат болатын. Оның балалары шетінен бұзық еді. Бірақ сондағы спортшы балалармен танысып, бірге жүрдім. Содан институтқа барып, 4 пәннен емтихан тапсырдық. Біріншісі – сурет салу, екіншісі – сызу, үшіншісі – шығарма жазу. Бұл үшеуінен де «5» деген баға алдым. Ал төртіншісі – алгебра мен геометриядан бақылауда тосырқадым. Үш «бестіктің» буымен алғашқы болып кіргенмін, менен кейін кіргендердің өзі шығып жатты. Бір кезде мені мұғалімдер шақырып алып сұрады. Қисынсыз жауап берген болуым керек, маған күмәнданып, алдыңғы емтиханның бағаларына қарады. «3» деген баға алыппын. Хош, бір-біріне қарады да мұғалымдер: «сен бала, оқуға түстің» деді. Осылайша, оқуға түстім. Бірақ сол оқуда 23 жылдан соң бірақ бітірдім. Бірінші курста оқудан шығып кеттім. Содан өнерді жақсы бағалайтын бір мұғалім бар еді, қазір о дүниелік. Сол кісі маған Алматыдағы бір байқаудан орын алып келсем, екінші жылдан бастап оқуға қайтадан қабылдайтындарын айтты. Мен ол байқаудың бас жүлдесіне ие болып, оқуға қабылдандым. Бірақ үш айдан соң қайтадан шығып кеттім. Үшінші рет түскен соң тағы да шығып кеттім. Содан кейін мүлде кету керектігін түсіндім. Сол кезде кетуіме себеп көп болды. Әлия деген мұғалім «зачет» қоймады. Бұл басты себептердің бірі болды. Содан 2010 жылы өз салам бойынша дипломдық жұмысымды «өте жақсы» деген бағаға қорғап шықтым. Сөйтіп, дипломымды алдым. Қателеспесем, 2012 жылы қазақтың біртуар перзенті, актер, сахна саңлағы Асанәлі Әшімов ағамыз 75 жасқа толып, Жамбыл облысын аралады. Мен сол кісімен бірге жүрдім. Бұл кезде мен оқыған институттың атауы «ТарГУ» болып өзгеріп кеткен. Осы оқу орнының студенттерімен кездесу өтті. Салтанатты шара барысында мен бір құшақ гүл алып, сахна төрінде сөз сөйледім. «Осы залда Әлия Әлпешқызы деген апай бар болса, мына гүлді сол кісіге сыйлайын деп едім» дедім. Бірақ ол кісі залда болмай шықты. «Ендеше мына гүлді факультеттің мамандарына аманаттаймын, міндетті түрде сол кісіге беріңіздерші. Себебі баяғыда маған «зачет» қоймаған. Сол себепті мен оқуды тастап, ол кісінің мұнысын өмір бойы ұмытпастай болып, қапаланып, Алматыға кетіп едім. Сөйтсем, ол кісі менің өмірімді дұрыс арнаға бұрған екен. Егер сол кезде маған «зачет» қойып берсе, қазір көп ауылдың бірінде мұғалім болып жүрер ме едім? Енді, міне, қазақтың ұлы актері Асанәлі Әшімовпен бірге өзімнің қарашаңырағыма оралып тұрмын. Сондықтан ол кісінің алдында басым жерге жеткенше иіліп, мына гүлді табыстаймын» дедім.

 -Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұр Шамшейт