Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

Алаш тақырыбын арқау еткен қаламгер

Алаш тақырыбын арқау еткен қаламгер

"Шалқар шаңырағында" бағдарламасының кезекті саны жазушы Жәди Шәкенұлының өмірдерегі мен шығармашылығына арналды.

Жәди Шәкенұлы Қытай  Халық Республикасының Алтай өңірінде Ертіс өзенінің жағасында туып өскен. 1997 жылы Атажұртқа оралған. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінің аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының, ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Әдебиет және журналистика саласында – «Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде проза бөлімінің меңгерушісі, «Атажұрт» баспа орталығында және «Үн» журналында бас редактор, «Жас қазақ үні» газетінде бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды.

«Ақбота»,  «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр», «Ақылнама», «Арманшыл бала», «Жүрек неге жылайды», «Алтай алыптары» (Қ.Айдарханұылмен бірге), «Қаралы көш», «Ел бастаған Елісхан», «Бозмұнар», «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері», «Тұлпарлар дүбірі», «Түркілік тек және қазақ тұрғақтары»,  «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» (С.Борбасов, А.Тоқтабаймен бірге) кітаптарының авторы. Шығармалары «Балалар поэзиясының антологиясы» сынды ұжымдық жинақтарға да енген.

Шетел қазақтары мен жастар тақырыбына арналған жиырмадан астам кітапты құрастырды. Баспа саласында Асқар Татанайұлының «Ел қорғаны – Абылай», Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары», Жақсылық Сәмитұлының «Атамекен», Сейітхан Әбілқасымұлының «Қуғын», Қуанған Жұмаханұлының «Құстар қайтып барады», Ырсалды Төкееваның «Ой толқыны», Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» секілді көптеген кітаптарды редакциялап, шетел қазақ әдебиетінің ата жұртта жарық көруіне көрнекті үлес қосты.

Бұдан сырт жарық көріп үлгермеген «Қайран елім», «Жұмбақ кітап», «Аққу жылаған түн», «Балалар әдебиетінің теориялық мәселелері» сынды кітаптары бар.

Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазақстан Республикасының бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулығына, әңгімелері туралы зерттеулер мен «Шынжаң қазақ әдебиеті» еңбегі әдебиет теориясы жинақтарына кірген. Шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған.

Жуырда, 2022 жылдың 5 мамырында сағат 15.00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ жазушысы, тарихшы, академик, Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының шығармашылығына арналған әдеби-мәдени кеш өтеді.

Жәди Шәкенұлының шығармашылық кешіне мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ҚР Мәжіліс депуттары және Өмірзақ Озғанбаев, Абай Тасболатов бастаған белгілі тұлғалар мен т.ғ.д. профессорлар Еркін Әбіл, Бүркітбай Аяған, жазушы-жыршы Баянғали Әлімжанов, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымов, Жазушылар одағының Астанадағы өкілетті басшысы Дәулеткерй Кәп, т.б. көрнекті  тұлғалар арнайы қатысып, құттықтау лебіздерін білдіреді. Жазушы шығармашылғы туралы ойларымен бөліседі. Ерлан Рысқали, Меруеш Башай, Гүлзира Бөкейхан, Серік Оспанов, Ардаби Мәулет, Құрманбек Әлімғазы, т.б. өнер қайраткерлері ән-күйден шашу шашады. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп оқушыларының орындауында Жәди Шәкенұлының сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдері оқылады.

Іс-шара бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланады.