ҚазҰУ-дың әйгілі №5 жатақханасы болашақ журналистер игілігіне берілмек

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 356 орындық №5 жатақханасы күрделі жөндеуден кейін журналистика факультетінің студенттеріне салтанатты түрде берілмек. Осыған орай 2022 жылдың 2 қараша күні сағат 12:00-де БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылады.
№5 жатақханада кейінгі бес жылда физика-техника факультетінің студенттері тұрған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың атына 5-жатақхананы журналистика факультетіне қайта беру туралы түлектер тарапынан ұсыныстар түскен. Осыған сәйкес университет әкімшілігі тиісті шешім қабылдап, күрделі жөндеуден өткен жатақхананы болашақ журналистер игілігіне беріп отыр.
Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Есік-терезе, еден төсеніштері мен жиһаздары жаңарды. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізіліп, жарық беруші шамдар жаңадан орнатылды. Әр бөлмеге заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар ауыстырылды. Бұған қосымша ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалды.
Баспасөз турына зиялы қауым өкілдері, есімі елге белгілі ҚазҰУ түлектері, журналистер, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысады.
Бағдарлама барысында ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі таныстырылып, оқу орнының басшылығы журналистер сауалына жауап береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі