Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

ҚазҰУ-да Шерхан Мұртаза аудиториясы ашылады

ҚазҰУ-да Шерхан Мұртаза аудиториясы ашылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына  арналған «Шерхан Мұртаза – замана шындығын айтқан заңғар тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ басшылары мен өкілдері, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар қатысады.

Конференция аясында ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазір белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендтерге қатысты түйткілді мәселелер талқыланып, асылы мен жасығы, ағы мен қарасы таразыланады. Журналистік білім берудің бүгінгі келбеті мен ертеңгі бейнесі сөз болады. Практикалық білік пен теориялық білімді ұштастырудың, ішкі гармониясын реттеудің жолдары зерделенеді.

Қазақ журналистикасының мэтрі, классик жазушыШерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманағының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990- 2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.

Шара барысында Журналистика факультетінде Шерхан Мұртаза аудиториясының ашылу салтанаты, тұсаукесер рәсімі өтеді. Жазушы-журналистің өмірі мен шығармашылығынан мол хабар беріп, заманауи техникамен жабдықталған оқу залы шәкірттердің шеберлігін шыңдап, жазу машығын қалыптастыруға үлкен көмегін тигізері сөзсіз. Бұл – өскелең ұрпақты тұлғалар арқылы, олардың іс-өнегесі мысалында тәрбиелеудің үлгісі.

Конференция материалдары ғылыми жинақ болып жарық көреді.