Ықыластың қобызы мұражайға тапсырылады
2023 жылдың 10 ақпан күні сағат 16:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына арналған «Ықыластың қара қобызы» атты дәстүрлі музыкалық кеш өтіп, қобызының көшірмесі музей қорына қабылданады.
Ықылас Дүкенұлы – қазақ халқының дәулескер күйші-қобызшысы, қазақтың ұлттық ыспалы аспапты музыкасының көрнекті өкілдерінің бірі. Тұлғасы рухани тарихымыздың төрінен орын алған, Қорқыт бабадан кейінгі қобызға тіл бітірген адам. Ол қобыздың дыбыс-дауысын нақ және айқын шығуына себепкер болған. 19 жасында Ықылас өзінің бірінші күйін жазып «Ықылас күйі» деген атау берген. Ол өзінің ең асыл ойларын қобыздың үн-дыбысының ішектеріне сіңірілген күйлермен жеткізе білген.
Ықыластың алғашқы біртума күйлері қазақ халқының музыкалық ауыз әдебиетімен тығыз байланысты. Олар өзге аспаптық шығармалардан шапшаңдығымен және ырғақ құрылысымен өзгешеленеді. Сонымен қатар, оларда тақырыптық көлемімен ой-сана мазмұндарының көпқырлылығы байқалады. Ықылас эпостық-батырлық тұрғыдағы күйлерімен қатар философиялық-лирикалық бағыттағы шығармаларды да орындаған. Оның «Аққу», «Жезкиік», «Қамбар-Назым», «Қасқыр», «Кертолғау», «Ерден» сынды күйлері халық арасында кең тараған.
1990 жылы Алматы қаласындағы Халық музыкалық аспаптар музейіне даңқты қобызшының есімі берілген.
Кеш жүргізушісі: Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, ө.ғ.к., ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақнар Тәттібайқызы.
Кеш қонақтары: «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қобызшылары Рауан Аблқасов және Гүлназ Шабанбаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп оқушылары.
Өтетін орны мен уақыты: Алматы қ., Зенков к., 24 А
10 ақпан, 2023 ж., сағат 16:00.
Қосымша ақпарат: 248-40-71, 291-69-17