Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

Нұрын шашқан күнімсің сен, жан анам!

Нұрын шашқан күнімсің сен, жан анам!

Ана! Осы үш әріп. Үніңмен үндесе, жүрек түкпірінен жылылықпен бірегей тілдесе шығатын аяулы атау. Бұған әлемде ештеңе де тең келмесіне кәміл сенімдімін.

Эссеге ұсынылған тақырып тамаша таңдалған. «Нұрын шашқан күнімсің сен, жан анам!»  Нұрын, бар болмысымен жарық сәуленің ең жылылығын, шіркін, ананың аялы алақаны мен аяулы бейнесінен табарың анық. Осы ретте эссені өзімнің марқұм анама арнаған өлең шумақтарымен бастағым келіп отыр...

Анашым менің ардағым,

Балалық бал даурен шағымда,

Өзіңмен атты-ау таңдарым.

Өмірдің мына заңына

Бағынбай адам қалған ба?

Өткінші өмір дегенің,

Өтер де кетер жалған да,

Қайта да  келмес, аңдағын.

Анаға жетер жан бар ма?

Әттең-ай ерте кеттің-ау,

Өзіңсіз өткен күндерде

Нұр бейнеңді ұмыта алмадым.

Ана туралы жыр жазбаған ақындар мен оған ән арнамаған сазгерлер кемде-кем болар. Әсіресе, бұл қасиет қазаққа ерекше тән. Біздің ұлтымызда ананың балаға деген, баланың анаға деген махаббатында шек жоқ.Перзенті үшін бәйек болған, тіпті басын құрбандыққа шалған аяулы жандардың әрекетін қанша сөзбен де толық жеткізе алмасың анық. Бірақ олар туралы ерекше сезіммен толғануға біз қашан да даярмыз.  

Өзім тарихшы болғандықтан бағзы замандарда елге тұлға болған абзал аналарды тілге тиек етпей кете алмаймын. Сонау Тұмар патшайымнан бастау алған олардың тарихы тереңде жатыр. Массагет патшайымы Тұмардың Кир патшаның басын алғанын білеміз. Ол мұндай әрекетке не үшін барды? Әрине, баласы үшін. Тұмардың ұлы, қолбасшы Спаргаписті парсы патшасы Кир айлакерлікпен қолға түсіріп, өлтірген болатын. Сонда әйел патшайым оның басын алып, «Сен, қанға тоймаған қу парсы патшасы, енді қанды тойғаныңша іш» деп, әлгі басты қанға толы торсыққа салады. Сөйтіп, баласының кегін алған.

Жалпы, қазақ тарихында елі үшін ерге бергісіз қызмет атқарған аналар, қыз-келіншектер баршылық. Мысалы, Домалақ ананы алайық. Ол Бәйдібек бидің үшінші әйелі болған. Ал оның ақыл-парасаты бидің өзінен кем болмапты. Домалақ ана – талай жерде сөз бастап, ел-жұртының айрықша құрметін иеленген жан.

Сондай-ақ Қарашаш ана, Әмина апа, тағы басқа қазақ қоғамында ерекше орны болған аяулы жандарды біз ешқашан ұмытпауымыз керек.

Ана деген қастерлі ұғым. Батырың да, патшаң да, әлемді дүр сілкіндіріп ат тұяғы жеткен жерді басып алған талай дүлей хандарың да ана құрсағынан шыққан.

Ана туралы талай аңыздар мақал мәтелдер ұлағатты, ғибратты, өнегелі көркем шығармалар ауыз әдебиетімізде де, жазба әдебиетімізде де баршылық. Бұл ретте Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын атасақ та жетіп жатыр.  

Бүгінгі таңда ұстаз ретінде болашақ ұрпақ тәрбиесінде ойлантар тұстар көп-ақ.  Осы ана деген ұғымға кір келтірмей көтеріп жүрудің өзіне сындарлы сөздер көптеп айтылуда. Бұл дегеніңіз біз өмір сүріп отырған қоғам дерті ме, әлде қазақ қоғамының шет елге еліктеуі ме, түрлі сипаттағы аналар бейнесінің көлеңкелі тұстарын, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі көріп қалып жатамыз.

Анасын қарттар үйіне өткізген қазақтар қаншама. Бір кездері Алматыдағы Момышұлы көшесінің бойындағы қарттар үйіне жолым түскені бар. Сонда жүрек шіркіннің қаракөз қарттарды көргенде шым ете түскені анық. Жәутеңдеген қарттарға қарап бірдеңе айтуға тіпті шама жоқ. Сол кезде амандықтарын Алладан тілеп, қайтқан едім...

Ал ананың жүрегі ерекше. Баласы қанша жерден жаман болса да, оған шаң жуытпауға бейіл. Жоғарыда жазғанымдай, перзенті үшін өз басын құрбан етуге даяр. Ал баласы анасы үшін не істеп жүр? Бұл – бүкіл қоғамды ойландыратын өз алдына бөлек әңгіме.

Сөз соңында аналарды аялайық дегім келеді. Олардың қадірін тірі күнінде білген жөн. «Жұмақ ананың табанының астында» ғой. Оның ризашылығын алған әр баланың өмірі өрісті, бақыты баянды болмақ.

Өмірің бастау алар бұл Анадан!

Түн ұйқысын төрт бөлуді  кім қалаған,

Жетпейді ғой бір өзіңе күллі әлем,

Анашым өзің жалғыз пана маған.

Борышым өтелді ме алдыңдағы

Ұрпаққа білім беру мен таңдаған.

-деп, күллі ана атауы аман болсыншы халайық!


Автор: Киізбай Мөлдір Құдайбергенқызы

Фото: kyn.kz