АРАЛДАН ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР

2023 жылы 4 мамыр сағат: 11-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің № 230 Т.Қожакеев атындағы мәжіліс залында Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, сыншы, сатирик, аудармашы – Жарасқан Әбдірашевтің 75 жылдығына арналған «АРАЛДАН ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР» атты еске алу кеші өтеді.
Жарасқан Әбдірашевтің мұрасын жастардың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған шарада қоғам қайраткері, "Дара оқырман" поэзия клубының жетекшісі Әділ Несіпбаев өзінің шәкірттерімен бірге ақынның өлеңдерін жатқа оқып, сөзіне жазылған әндері шырқалады. Өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетіледі.
Шараға елге белгілі тұлғалар, ақын-жазушылар, профессорлар мен оқытушылар, студенттер қатысады. Ақынның ұлы, режиссер, сценарист – Рүстем Әбдірашев келіп, әке туралы естелігімен бөліседі.
Қосымша ақпарат: Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылында дүниеге келген. 1965–1969 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп, одан кейін осы оқу орнының аспирантурасында сырттай оқыған.
40 жылға жуық туған әдебиетке, қазақ халқына талмай еңбек еткен ақынның жиырмадан астам кітаптары жарық көрген. Төл шығармалары неміс, венгер, орыс, украин, өзбек, тәжік, әзербайжан, түркімен, қырғыз, саха тілдеріне аударылған.
Жарасқан Әбдірашев – есімі ел есінде мәңгі сақталар тұлға. Ақын 2001 жылы 10 ақпанда өмірден өтті.