Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

РАХМЕТОЛЛА РАЙЫМҚҰЛОВҚА 110 ЖЫЛ

РАХМЕТОЛЛА РАЙЫМҚҰЛОВҚА 110 ЖЫЛ

2023 жылғы 11-15 мамыр аралығында Алматы қаласында, Өзбекстан Республикасынынң Ташкент облысында көрнекті жазушы, прозаик, драматург аудармашы, қоғам қайраткері, майдангер Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өтеді.

11-мамыр күні сағат 10:00-13:00 аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби атындағы кітапханасында Жазушы Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған ғылыми – практикалық конференция мен «Қаламгер өнегесі» атты фото және кітап көрмесі өтеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының Жазушылар Одақтарының өкілдері, ақын-жазушылар, зиялы-қауым өкілдері, педагогикалық-профессорлық құрам, студенттер т.б. қатысады. Сонымен қатар, Республикалық байқаудың қорытындысы жарияланып, марапаттау рәсімі өтеді.

Жазушының өзі тұрған үйдің қабырғасына Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтеді (Алматы қаласы, Достық даңғылы, 44 үй, Жамбыл көшесімен қиылыс).

13, 14, 15-мамыр күндері аралығында Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында «Көрнекті жазушы Рахметолла Райымқұлов – ел ардағы» атты әдеби-танымдық кездесу,  Ташкент қаласында «Қос елдің қыран тұлғасы» атты ғылыми-практикалық конференция мен Халықаралық байқауының марапаттау рәсімі және Әлішер Науаидың, Абай Құнанбаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді.

Іс-шаралар Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшілігі, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар Одақтарының қолдауымен өтеді.



    Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы 11 мамырда қазіргі Ташкент облысының Бостандық ауданындағы Қараманас ауылында дүниеге келген. Төрт кластық білім алып, Ташкент қаласындағы Қазақ педагогикалық техникумы, Ташкенттегі педагогикалық институты, Алматыдағы Қазақ Коммунистік Журналистер институтындағы оқуы мен мұғалімдік, рекдакторлық қызметін қоса алып жүрген Рахметолла Райымқұлов 1939-1941 жылдары «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жұмыс істейді.

    Отызға толмаған шағында Отанын қорғауға аттанып, майдангер жазушы 1946 жылы аман оралып, газеттегі әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары қызметімен қатар Қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің Журналистер факультетінде студенттерге мақала, очерк және фельетон жанрларынан дәріс оқиды. 1949-1971 жж. аралығында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын», «Ара» журналдарында түрлі қызметтерді, 1971 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары қызметін атқарады.

Жазушы Р. Райымқұловтың қаламынан туған көркем шығармалар мерзімді баспасөз беттерінде жүйелі түрде жарық көріп отырған. Ол сондай-ақ, тәжік, өзбек, ұйғыр, латыш әдебиетінен бірнеше шығармаларды қазақ тіліне аударып, жариялаған. Р. Райымқұлов С. Айнидің «Бұқара» трилогиясының екі кітабын, Ж. Бұғыбаевпен бірге Мирмухсиннің «Үміт» романын тәржімалаған. Ю. Мухлисовтың «Махаббат» новелласын ұйғыр тілінен қазақшаға, украин жазушысы Олег Гончардың, тағы басқа да жазушылардың әңгіме, новеллаларын аударған.

Өзінің де «Түйелі адам», «Көкжал», «Уәде», «Сұр көбелек» сияқты бірнеше туындысы өзбек, қарақалпақ, орыс тілдеріне аударылған. "Ашынған жандар" (Қалмұқан Исабаевпен бірге), «Мөлдір аспан», «Бұған сенбе - ертегі», «Әкесінің арқасында» т.б. пьесалары жарияланған.

1959-1960 жж. облыстық және республикалық жастар театрында "Ашынған жандар" спектаклі, 1972 ж. «Мөлдір аспан» атты екі актілі драмасы радио театрында қойылған. 2022 ж. Р.Райымқұловтың «Түйелі адам» повесінің сарыны бойынша жазушы-драматург Дулат Исабеков «Мақшар түнгі махаббат» атты мистикалық драма нұсқасын әзірледі. Бұл пьеса Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында сахналанды.

Р. Райымқұлов бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

Жазушы 1978 жылдың 18 маусымында дүниеден өткен.

Кітаптары: “Уәде” 1958; “Жасыл белес” 1960; “Түйелі адам” 1962; “Өліммен беттескенде” 1963; “Балдақты адам” 1964; “Көкжал” 1964; “Бұрылыстар” 1967; “Қыз-айна” 1970; “Болаттың сынығы” 1975; “Қара жорға” 1993 романдары, хикаяттары, әңгіме-повестері, екі және үш томдық таңдамалы шығармалар жинақтары (1981, 2003, 2016 жж) жарық көрген. “Нар тұлға” 2013; “Ғибратты ғұмыр” сериясымен “Рахметолла Райымқұлов” таңдамалы шығармалар мен естеліктер кітабы 2023; Балаларға арналған “Сұр көбелек” кітабы 2023.