Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

Сәуле Құрманғалиева: Біз әкемізді қарттар үйіне өткізген жоқпыз

Сәуле Құрманғалиева: Біз  әкемізді қарттар үйіне  өткізген  жоқпыз

Қазақтың бір туар азаматы Ғарифолла Құрманғалиев жайлы алып-қашпа әңгіме көп. «Ғарифолла өмірінің соңғы жылдарын қарттар үйінде өткізді, балалары оны қартайғанда бақпады» деген де сөз болды. Оның анық-қанығын біздің арнаның журналисі Мейрамгүл Исатайқызының 2009 жылы әншінің қызы Сәуле Құрманғалиевадан алған сұхбатынан білуге болады. Сол сұхбатты басы бүтін назарларыңызға ұсынамыз.


Осыдан 16 жыл  бұрын, нақтырақ айтсақ, 1993 жылдың қаңтар  айында  дүниеден  өткен ҚР Халық  әртісі, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, әйгілі Мұхит мектебін дамытушы, көрнекті  әнші-композитор Ғарифолла  Құрманғалиев көзі тірі  болса, туған халқымен бірге биыл 100 жылдық мерей тойын тойлар еді. Ақын  Төлеген  Айбергенов:

«Көкірегінен  әсем әннің көк мұхитын шайқаған,

Ей, Ғареке! Қасиетті  қазына  жыр, байтақ ән» - деп жырлаған, дарынды, біртуар әншінің өзі өмірден өтсе де, оның  артында баға жетпес әншілік бай мұрасы, балалары, шәкірттері қалды. «Көзден кетсе де көңілден кетпес  әнші өмірде, отбасында  қандай адам болды, ұрпақтары туралы не білеміз?» деген көкейдегі көп сауалдармен ол кісінің қызы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сәуле Құрманғалиеваға жолығып, әңгімелескен едік.
                                                                                                                                                          

     -  Әкеңіздің көзін көрген, онымен дастархандас болған адамдардың айтуынша, ол кісі отырған жерін жайнатып-жарқыратып жіберетін   көпшіл, бауырмал, ақжарқын адам болыпты. Ал отбасында қандай еді?

     -  Әкем шынында көңілді, ақжарқын, балажан адам болатын. Концерттік гастрольдерден  келген сайын өзіне  ештеңе алмаса да анамнан бастап бәрімізге сыйлықтар әкелетін. Әкемнің гастрольден оралуы  отбасымыз  үшін  шағын  мереке болатын. Ол үйде ештеңеге  араласпайтын, қай  заттың  қай   жерде  тұрғанын, тіпті  өз киімдерінің  қайда  екенін    білмейтін.  Қабырғаға  шеге   қақпаған   адам  десем  де  болады. Ана  тілі мен арабшаға мықты сауатты болды. Жас кезінде колхоз басқарған ғой, көбіне (төте  жазумен) арабша жазатын. Тапқан қаржысының бәрін анама беретін, қолына  ақша  ұстамайтын.

       Бала кезімізде жыл  сайын 1 - Мамыр, сосын  7- қарашадағы (сол кездегі) мейрам қарсаңында  әкем анам екеуі бізге міндетті  түрде жаңа киімдер сатып  алатын. Соғыстан кейінгі кезең ғой, дүкендерде онша тауар да жоқ. Десек те, анам базардан материалдар сатып алып, біраз киімдерді өзі пішіп тігетін де бізді жұнттай етіп киіндіріп қоятын. Сосын отбасымызбен көшеге cеруендеуге шығатынбыз. Әкем бәріміздің қолымызға (сол  кездегі ақша) 3 сом ұстататын. Балалардың үлкені мен болғандықтан анам маған ешкімге көрсетпей, тағы да 2 сом беретін. Баламын  ғой, мақтанып інілеріме көрсетіп қоям, олар менің артымнан «дай деньги» деп жүгіріп жүретін. Үйде тамақ бар ғой, сонда да көшеден бәліш, мәмпәси, лимонад алып ішіп-жегенді жақсы  көреміз. Біз Мир мен Виноградов көшесі қиылысындағы «әртістер үйінде» тұрдық.  Майра (Шәкен Аймановтың  қызы), Венера (Қамал Қармысовтың  қызы) бәріміз аулада бірге ойнап өстік. Кешкісін жиналып  ән айтатынбыз, концерт қоятынбыз. Ол кезде Алматыда  қазіргідей  адам да, мәшине де көп  емес, шағын қала болатын. Қазіргі Абылай хан даңғылы ол кезде «Сталин проспектісі» деп  аталатын. Сол  проспектінің  бойымен  анда-санда  есектер жүретін, арықтардан тап-таза су сарқырап ағып жататын. Сосын композитор Құдыс Қожамияровтың үлде мен бүлдеге  оранған әйелі сол кездегі ең мықты «Победа» деген жеке мәшинесімен, проспекті бойымен жүріп өтетін. Ол мәшине келе жатқаннан біз балалар жол шетіне жүгіріп шығып, мәшине ұзап кеткенше артынан қызыға қарап тұратынбыз.

         -  Сонда  Сіздің  әкеңізде  мәшине  болған  жоқ  па?

         - Өмірде әкемде мәшине болған емес. Сол сияқты Майраның да, Венераның да әкелерінде ешқандай көлік болған жоқ. Шәкен аға ғана анда-санда жұмысынан мәшинемен келіп жүретін. Біз ештеңеден таршылық, жоқшылық көрмей, рухани бай болып  өстік. Сол бір балалық кездерімді ешқашан ұмытпаймын, жадымда мәңгілік жаңғырып тұрар өмірімнің жарқын беттерін әрқашан сағынышпен еске алып отырам.

            - Әкеңіз  бос  уақытында   немен   айналысты  және  кімдермен жақын   араласты?

            - Әкемнің жолдас-жоралары, достары көп болатын. Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Мұқан  Төлебаев, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Ғабит Мүсірепов, Мұхамедқали Хасенов, Байғали Досымжанов, Кәукен  Кенжетаев, Қамал Қармысов, Еркеғали Рахмадиев, көршіміз Мүсілім Абдуллиндер бәрі бірге жүретін. Біз танымайтын адамдар да іздеп келетін. Ол кісі негізгі тастыаяқ (бильярд), сосын карта ойнағанды  ұнататын. Мен әлі күнге әке-шешемнің көзін көрген, олармен бірге жүрген адамдармен араласып тұрам.

        -  Отбасында  неше   бала   болдыңыздар?

       - Менің анам негізгі 13 құрсақ көтерген адам. Маған дейін төрт бала, кейін тағы екі баласы  шетінеген.  Әлі  есімде, 4-5 жасымда болуы керек, Бағдат деген інім сәби кезінде қайтыс  болды. Оны Ташкентский (қазіргі  Райымбек) көшесіндегі  зиратқа апарып жерлегенде, анам біразға дейін зират  басында   жылап отырды. Мен оны қатты аяп, көзінің жасын орамалмен сүртіп : «Мама, жыламашы, тағы  бөпе  сатып  аламыз ғой» деп жұбатыппын. Өлімнің не екенін білмейтін кезім ғой. (Көзіне  жас  алды.)

          Ал негізгі біз отбасында жеті бала тәрбиелендік. Балалардың үлкені мен болдым. Менен кейін Болат, Санат, Ғибрат, Шахризада, Нұрлан, Ерлан.   Өкінішке қарай, Ғибрат деген інім әке-шешеміздің бар кезінде 27 жасында  жүрек ауруынан  қайтыс  болып  кетті. Ол  қараған адамның көзін  тартатын   көркем әрі тентектеу  еді. Анам «Ғибрат  үйленеді» деп ақша жинап жүретін, ол қайтыс болғанда ата-анам қатты қайғырды.  Анам ауырып та қалды.  Өзі өмірден өткенінше оны аузынан тастамай кетті ғой. Ата-анамыздан  кейін 2005 жылы – Болат, 2007 жылы – Ерлан деген інілерім өмірден өтті. Жақында Болатымның жолдасы, сол  үйдегі Рая келініміз де қайтыс  болды. Қазір  Ғарифолланың екі  ұл, екі қызы  қалдық. Құдайға  шүкір, балаларынан тараған немерелері, жиендері мен шөберелері де бар.

       -  Жаңа анаңыз Рабиға  туралы айтқан кезде толқып  кеттіңіз. Ол  кісі  қандай адам болып  еді?

       -Мен ойлаймын, әкем анамдай адаммен тағдыр қосқаны үшін  де бақытты болар деп. Өйткені, анам бар өмірін  әкеме және балалары біздерге  арнады. Өзі осы Алматыдағы рабфакты бітіргенмен, ешқандай жұмыс та істеген жоқ. Анам табиғатында салмақты, көп сөйлемейтін, тік мінезді, таза, ісмер, тамақты да тамаша пісіретін әрі қонақжай адам еді. Үйімізден қонақ арылмайтын. Көршілеріміздің балаларының бәрі де біздің анамызды жақсы көретін. Анамның әкесі – нағашы атамыз Макар деген кісі бір кездегі Орал губерниясы, Жымпиты уезінің Сабынкөл өңірінде  болыс болған адам. Атақты жазушы Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» деген романында «Қаратөбе съезі» деген бөлім бар. Сонда Халел, Жанша Досмұхамбетовтермен бірге сол съезге қатысқандардың бірі. 1927-28 жылдары кәмпескеленіп, Оралдың «қырық тұрба» деген түрмесіне қамалған. Кейін, түрмеден шыққаннан соң, сол кездегі биліктің тепкісіне шыдамай, Орынбор асып, одан әрі Башқұртстанға өткен. Сол жақта жүріп, белгісіз жағдайда қаза тауыпты. Анамның айтуынша, ол кісі өте сұлу адам болған. Жаңа   айттым ғой, Ғибрат деген інім жас кезінде қайтыс болды деп, соны анам «нағашысына тартқан, әкеме ұқсайды» деп ерекше жақсы көретін, бетінен қақпайтын.

         Анам әкемді өзінің тұңғыш баласындай, балаларынан да артық, ерекше күтті десем артық айтқаным емес. Өзі киіндіріп   жұмысына шығарып салатын, жұмыстан келген соң түгел аяқ-киіміне дейін тазалап қоятын. Әкем жұмыстан келгенде үнемі тамағы дайын тұратын. Анам бізге «әкелерің үйде болғанда   шуламаңдар, ол демалуы керек, біздің асыраушымыз ғой» деп айтып отыратын. Әкемді, содан соң бізді тамақтандыратын. Анам сүтті   ұйытып, айранды керемет дайындайтын. Жатар алдында  міндетті түрде бәрімізге  қаймақ қосылған айран беретін. Әкем балық етін жақсы көретін, ал анам балық қуырып, оны өзі қылқанынан тазалап беріп отыратын. Сосын қонаққа деп ұнның арасына қазы сақтайтын. Біздер ішіп-жеуден кенде болған жоқпыз. Бірақ, үйде «қонаққа» деген ет-шұжық, тәтті-тағамдар бөлек сақталатын. Жолдасы қайтыс болған кездерде Ғабит  аға Мүсірепов біздің үйге жиі келіп тұратын. Ол кісі де анамның дайындаған тамағын мақтап отыратын.

       Анам ашылып көп сөйлемейтін, бірақ ол кісінің   айтқан бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Соғыстан бұрын осы Алматы қаласында елден келген Сапа  деген немере сіңлісі де тұрыпты. Аққұба  өңді, әдемі, жуан бұрымы тобығына түскен сол сіңлісі тұрмысқа шығып, бала босанғаннан кейін жиырма жасында қатты   науқастанып ауруханада қайтыс болады. Ол кезде Алматыда қазақтардың аз кезі. Улап-шулап туыстары жеткенше, дәрігерлер ешкімге ештеңе  ескертпестен,   сүйекті ауруханадан шығарып мәйітханаға өткізіп жібереді. Одан сүйекті алуға барса, сіңлісінің бұрымы желкесінің түбінен қиылып алынған жоқ. Содан анам ашуға мініп, сол жерде істейтін орыстарға: «Аруақты неге қорлайсыңдар?! Сендерге қолдарыңды тигізуге кім рұхсат етті?!» деп айқайлап, аурухана басшылығына барып жүріп, кесілген бұрымды 1-2 сағаттың  ішінде таптыртып  алып, бірге  жерлепті. Кейін білгеніндей, сол мәйітханада істейтін бір орыс әйелі тоқпақтай жуан әрі ұзын бұрымға қызығып қиып алыпты. Егер анам мінез  көрсетіп, қиғылық салмаса,  кім білген, артында қалғандар аруақ   алдында мәңгі қарыздар болар ма еді?.. «Амал қанша, Сапашым жас  кетті, аруағы маған риза болар...» деп анам күрсініп отыратын.


        Иә, ол кісі бар өмірін әкеме арнады, оны пір тұтты. Ауырып жүрген күндерінде де өз денсаулығын ойламай, әкемнің тамағын дайындап, оның қас-қабағына қарап, бар жағдайын жасап отыратын. Сіңлім Шәкон (Шахризада) екеуміз де әлі күнге дейін балаларымыздың әкелерінің алдында   құрақ ұшып тұрамыз. Анамнан жұққан қасиет болу керек.  

       -  Көңіліңізге келер бір ауырлау сұрақ  қойсам. «Ғарифолла өмірінің  соңғы  жылдарын  қарттар үйінде  өткізді, балалары оны қартайғанда   бақпады» деген сөздерді  жұртшылық арасынан естіп қалып жатамыз. Осыған не айтар  едіңіз?

         - (Жанарына жас толып, терең демалды). Бұндай  сөздерді өзім де естігем. Бұл - өтірік. Кезінде осындай сөздерге еріп, әкемнің   өнеріне табынатын кейбір  адамдар  үйіме телефон шалып, мені боқтап-балағаттап  неше түрлі сөздер  де  айтқан. Кімнің аузына қақпақ  боласың? Жалпы, өнер адамдарының арасында бақталастық, көреалмаушылық деген болады ғой. Мәскеу консерваториясын бітіріп келген жап-жас мені де әкеме қарсы қойғысы келген адамдар да болды.Тіпті, мені де сөз еткен. «Құрманғалиевтің әнші қызы екі әйелден  ажырасқан, бала-шағасы бар еркекке күйеуге тиді» десе, енді   бірі «ол орысқа күйеуге тиген» деген нешетүрлі  өсек сөздер таратқан. Сондай сөзді таратушылар неге құдайдан қорықпайды? Талай рет жүрегім ауырып, жолдасым Құлтайға  айтып жылаған күндерім де болды. Біз әкемізді ешқандай интернатқа  да, қарттар үйіне де өткізген жоқпыз. Анамыз 1980 жылы 65 жасында «қант диабеті» ауруынан қайтыс болды. Әрине, анамның қазасы бәрімізге қатты батты. Әсіресе, әкем ешкіммен сөйлеспей жатып қалатын болды, мінезі мүлдем өзгеріп, кірпияз болып кетті. Жанында тұрған анамның суретіне қарап, үнсіз отыратын. Бір жолдасына: «Рәпіштің қадірін енді білдім, алты адам екен ғой» деп айтыпты. Сіңлім Шәкон Мәскеудегі Плеханов атындағы экономика институтын бітірген жоғары білімді маман болса да қызметін тастап, жұмыс істемей үнемі әкеміздің қасында болды. Келін- балалары мен немерелері жиі барып қалін сұрап  тұратын. Біз тамақты қаншама анам сияқты   дайындап бергенімізбен, ол кісі: «аналарың шәйді бұлай құймайтын, мына тамақты былай  пісірмейтін» деп отыратын. Қызанақ, қияр қосылған салат жасап   берсек, «мен мал емеспін, шөп жемеймін» деп айқайлайтын. Әкем тек өмірінің  соңғы төрт айында ғана сал болып, денесінің бір бөлігі  істемей, төсекке таңылып, жатып қалды. Бірақ та ақыл-есін жоғалтқан жоқ. Біздер балалары, келіндері, күйеубалдары кезек-кезек қасында отырып жүрдік, бәрімізді  танитын. Мен де   консерваториядағы жұмысымнан шыққан соң, күн сайын әкем үшін үйге соғып, содан соң өз отбасыма баратынмын. Әрине, өмірде  әр  адамның орны бөлек. Мүмкін біз әкемізді анамыздай  мәпелей алмаған болармыз. Бірақ, «қарамады, бақпады» деген сөздер жалған, өтірік.


         -  Ол кісінің шәкірттері көп болды ғой. Олардың ішінен қайсысын ерекше көретін еді?

          - Бәрін де жақсы көретін, ешқайсысын бөліп-жармайтын. Студиядағы  өз  класында  оқитын  қыз-жігіттердің  бәрін  бауырына  тартып, ақылын айтып   отыратын. Тұрмысқа шыққан кезім,бірде жолдасым екеуміз үйге  бардық. Анамызбен  шүйіркелесіп, шәй ішіп  отырғанда,үйге әкем  кіріп: «Рәпіш, студенттерім келеді, ыстық тамақ дайындашы» - деді. Анам екеуміз бірден тамақ дайындау қамына  кірістік. Бұндай жайттар біздің үйде жиі болып тұратын. Әкем туған балалары біздерді қалай жақсы көрсе, шәкірттерін де солай жақсы көретін.

      -   Сіздің әншілік жолына түсуіңізге  әкеңіздің де әсері болды ма, өнерге қалай  келдіңіз? Қай мектепте оқыдыңыз?

       -  Алматыда дүниеге келсем де мен мектепке барғанша орысша білгем жоқ. Өйткені, біз отбасында тек қазақша сөйлесетінбіз. Ол кезде Алматыда қазақ тілінде білім беретін жалғыз ғана №12 мектеп болды. Оның өзіне жетім балалар мен ауылдан келген балаларды алатын. Мені алмады. Содан мен, қазіргі Панфилов пен Қабанбай  батыр көшесінде  қонақ  үй  тұр ғой, бұрын сол орында орыс тілінде білім беретін №10 мектеп болған, соған бардым. Алғашында маған орысша оқу қиын болды, қатты қиналдым, ылғи «2» алатынмын. Содан, мектепке орыс тілін білмей барған бірен-саран қазақ балаларының бәрі бір жылдан кейін орысшаны судай сапыратын болдық. Қазақстанды басқарған Ж. Шаяхметовтің қызы, Н.Оңдасыновтың, көптеген   академиктердің балалары бәрі сол мектепте оқыды. Күләш Байсейітова апайдың қызы Құралай екеуміз бір сыныпта оқыдық.  Бүгінде  Құралай да жоқ, өмірден ерте кетті ғой.(Күрсінді)

       Бір қызығы, мен бала кезімде үйде ыдыс жуып тұрсам да, еден жуып жүрсем де өз-өзімнен  ән айтатынмын. Және соған өзім таңғалатынмын. Жаңа сөзімнің арасында айттым ғой, біз балалар үйіміздің ауласында жиналып концерт қоятын едік деп. Бір күні жанымыздан өтіп бара жатқан бір орыс әйелі мені шақырып алып: «Сенің дауысың жақсы  екен, музыка училищесіне барғың келе ме?» -деді. Мен бірден келістім. Ол кісінің аты – Гильда Давыдовна Алексеева екен, кейін менің ұстазым болды. Содан, 7 сыныпты бітіргеннен соң, әкеме айтпастан анаммен келісіп, мектепті  тастап, музыка училищесіне  оқуға  бардым. Әкем артынан менің музыка училищесінде оқып жүргенімді естіді, бірақ ешқандай таңданыс білдірген жоқ. Іштей құптаған сияқты. Сол оқуды үздік аяқтап, Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясының вокал факультетіне оқуға  түстім. Оны 1964 жылы бітіріп келген соң, көп жылдар Абай атындағы Қазақтың Опера және балет театрында әнші болып қызмет істедім. Әкеммен бірге еліміздің көптеген өңірлеріне гастрольге шықтым.

        -   Сізді бұрын өнер сүйер қауым қазақша ән айтпайды деп кінәлайтын...

     - Жоқ, мен  қазақша  айттым. Қазақ Радиосының «Алтын қорында» менің орындауымда айтылған көптеген қазақша әндер бар. Жас кезімде талай рет опера театрындағы «Біржан-Сара» спектаклінде Сараның, «Еңлік-Кебекте» Еңліктің, «Алпамыста» Гүлбаршынның, татар композиторы Жигановтың «Алтыншаш» қойылымында Алтыншаштың рөлдерін орындағам. Бұрын кеңестік дәуір кезінде Мәскеудің үлкен концерт залында Қазақстаннан барған   әншілерге тек орысша ән айтқызатын, сосын сол теледидардан  халыққа жиі көрсетілетін. Соны көріп алған жұрт мені қазақша  ән айтпайды деп ойлаған болар.

       -  Ал Сізден басқа өнер  жолына түскен балалары, немерелері бар  ма? Бауырларыңыз нендей қызмет  атқарған?

  -  Өкінішке орай, әншілікті таңдап, өнер жолына келген менен басқа ұрпағы жоқ. Кім білген, болашақта болып қалар. Өзіммен бірге туған Санат інім, марқұм Болат інім кезінде Шымкенттің технологиялық институтын бітірген, бәрі де басшылық  қызметтер атқарды. Олардың бәрі Алматыда туып-өскенмен жоғары   оқу орындарын бітіргеннен соң, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Шымкент қалаларының орталықтарында қызмет істеді. Әкем марқұм ұлдарына: «Не бар Алматыда? Одан да ел-жұртпен араласып жұмыс істеңдер» деп айтатын. Інім Санат - ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, кезінде Жезқазған, Қызылорда, Шымкент қаласында, содан соң еліміздің ауылшаруашылық министрлігінде министрдің орынбасары қызметін атқарды. Нұрлан, Ерлан інілерім Алматыдағы ауылшаруашылық институтын бітірген. Марқұм Ерлан інім еліміздің транспорт саласында, ал Нұрлан көп жылдар Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметтер атқарған, қазір де зейнетке шықты. Шәкон сіңлім – экономист. Мана айттым ғой, ол Мәскеу қаласынан бітірген. Менің, сосын қайтыс болған Ғибрат, Ерланінілерімнің мінездері әкемізге ұқсаймыз, бірбеткей, тентектеуміз. Ал, Болат, Санат, Шәкон, Нұрлан бауырларымның   мінездері анамызға тартқан, салмақты, сөзге сараң. Әкем айтатын: «Менен  шыққан балалар жаман  болмайды» деп, бүгінде қалған төрт баласы сол кісінің сенімін ақтап, ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатырмыз.

    -  Асылдың сынығы, әнші Сәуле Құрманғалиеваның отбасы туралы да білгіміз келеді.

-  1965 жылы Талдықорған өңірінде туып-өскен Құлтай Жақыпбаев деген азаматқа тұрмысқа шыққам. Оның мамандығы – экономист. Кезінде мемлекеттік жоспарлау комитетінде, үкіметте қызмет істеді.  Екеуміз құрдаспыз, Гауһар, Маржан деген қыздарымыз бар. Дәмеш деген жиеніміз бар, ол М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітірген.

     -  Әкеңіздің өмірден өткеніне 16 жылдан астам уақыт  өтті. Осы уақыттар аралығында талантты тұлғаны есте қалдыру мақсатында нендей шаруалар атқарылды?

-   Туған жері Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы орталық көшеге ескерткіші орнатылып, сол көше Ғ.Құрманғалиев атымен аталады. Батыс Қазақстан облысындағы филармонияға, Алматы, Атырау, Орал қалаларындағы көшелердің біріне әкеміздің есімі берілген, осы қалалардың мұражайларында, мемлекеттік мұражайда әкеме арналған бұрыш бар. Ұлттық мұрағаттарды жинақтауда  республикалық  «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, оның ішінде Қазақ Радиосы көп қызмет атқаруда. Оларға рахмет, осыдан 3-4 жыл бұрын өмірден өткен танымал әншілердің әндерін жазып «Алтын мұра»  деген таспалар жинағын шығарды, ішіне әкеміздің де әндері енді.

         - Биыл әкеңіздің туғанына 100 жыл толды ғой. Осы мерейтой аясында жер-жерде  «Ғ.Құрманғалиев атындағы конкурстар, байқаулар» өтіп   жатқанын естіп жатырмыз. Ал мемлекеттік деңгейде қашан тойланбақ?

   - Әкемнің еліміздің ән өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегін халқы ерекше бағалайды және ешқашан ұмытпайды. 100 жылдығын мемлекеттік  деңгейде тойлау туралы әңгімеден мемлекет басшылары да құлағдар. Қаулы шықты. «Мерейтойды күзге қарай» деп жоспарлап отыр. Бірақ нақты қай күні тойланатынын білмедім.

   Әңгімелескен, Мейрамгүл Исатайқызы, журналист. Алматы қаласы.
«Жас Алаш»  газеті, 14 сәуір, 2009 жыл. №30(15384)