Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

Қонаев та қадірлей білген

Қонаев та қадірлей білген

Бұл сұхбат 2009 жылы жазылып, баспасөз бетінде жарық көрген. Дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев жайлы. Ол кісінің ұлы Арыс Байқұловтан сол кездегі арнамыздың тілшісі Мейрамгүл Исатайқызы сұхбат алып, "Жас Алаш" газетіне шыққан еді. Биыл Әнуарбек Байжанбаевтың 100 жылдығы орай сұхбатты басы бүтін назарларыңызға ұсынамыз. 


«Қазақтың Левитаны» атанған атақты диктор, ҚР Халық әртiсi Әнуарбек Байжанбаевтың мына  фәни дүниеден бақиға аттанғанына да дәл 20 жыл толыпты. Өзi бұл өмiрден өтсе де, құлаққа жағымды дауысымен «Қазақфильм» киностудиясына, Қазақ теледидары мен радиосының «Алтын қорына» мол мұра қалдырған Әнуарбек Байжанбаевтың өзi мен оның отбасы туралы тереңiрек бiлмек ниетпен әйгiлi диктордың бел баласы, Қазақ радиосы радиоаппаратуралар бөлiмiнiң жетекшi инженерi АРЫС БАЙҚҰЛОВТЫ әңгiмеге тарттық.

– Арыс Әнуарбекұлы, көптеген адамдар Сiздi атақты диктор Байжанбаевтың баласы екенiңiздi жақсы бiледi. Десек те, неге тегiңiз Байқұлов болып жазылған?

– Осы сауалды маған әкемдi және менi танитын жандардың бәрi қояды. Мен өмiрге келген соң, төрт айдан кейiн анам «тиф» деген аурумен ұзақ науқастанып жатып қалыпты. Содан менi ауылда тұратын анамның туысы Бибiш Байқұлова деген нағашы апайымыз бауырына басып, туу туралы құжатымды да өз аттарына жазғызып алған. Мен орта мектептi бiтiргенше солардың қолында ауылда тәрбиелендiм. Сондықтан нағашыларыма адалдығымды танытып, әлi күнге дейiн Байқұлов болып келемiн.

– Ал жалпы Әнуарбек ағаның неше баласы болды?

– Әкем Әнуарбек Нығметжанұлының төрт баласы болған. Мен ол кiсiнiң үшiншi баласымын. Ең үлкенiмiз – 1950 жылы туылған әпкемiз Гауһар. Кезiнде ҚР Жоғарғы кеңесiнде марапаттау бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет iстеген, 1993 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. Ағам Руслан «Қазақстан» телерадиосында оператор қызметiн атқарған, 2003 жылы өмiрден өттi. Ал менен кейiнгi iнiм Айдар Алматы облыстық Жамбыл атындағы филармонияда инженер болып жұмыс iстейдi.

– Әкеңiз Әнуарбек Байжанбаев алғашқы еңбек жолын «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») газетiнде бастапты. Соған қарағанда оның өнерге, шығармашылыққа жақындығы балаң жастан, тiптi отбасынан басталған сияқты. Жалпы, әкеңiздiң өмiр жолы туралы қысқаша айтып берсеңiз.


– Дұрыс айтасыз, әкемiздiң әкесi Нығметжан Байжанбайұлы ақынжанды кiсi болыпты. Шыңғыс тауының бөктерiнде өмiр сүрген, қазақтың атақты ақыны Абаймен ауылдас әрi жолдас болған кiсi. Өзi де сол арғынның тобықты руынан. Әжемiз Фатиха да ашық дауысты, әуездi үнi бар, ауыл арасында «әншi апа» атанған. Ән-жыр десе iшкен асын жерге қоятын адам екен. Кейiн олар атамыздың Қызылордада тұратын, темiр жолда бастық болып iстейтiн Ризахмет деген ағасының қолына көшкен. Одан Ризахмет ағай қазiргi Жамбыл облысының Отар стансасына жақын Мәтiбұлақ деген жерiне қоныс аударыпты. Менiң әкем сол ауылда мектеп есiгiн ашыпты. Ал 1931 жылы Алматыға көшкенде, мектептегi каникул кездерiнде қарт әке-шешесiне көмектесу мақсатымен әкемiз сол «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң баспаханасында хат-қағаз тасушы (курьер) болып жұмыс iстеген. Қазақтың классик жазушылары М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин сынды ел ардақтыларымен таныс-бiлiс болыпты. Ақын Әбу Сәрсенбаевтың ақыл-кеңестерiн көп тыңдаған. Сөйтiп жүрiп осы қаладағы №18 мек¬тептi үздiк бiтiрiп, 1940 жылы Қазақ коммунистiк журналистика институтына оқуға түскен. Кейiн соғыс басталады, алғашқылардың бiрi болып соғысқа аттанған ол 1943 жылы қан майданнан ауыр жараланып елге оралады. Бiр жылдан кейiн осы Қазақ радиосына диктор болып қызметке тұрады. Содан өмiрiнiң соңына дейiн радиода қызмет атқарады.

– Әкеңiз отбасында қандай адам болды? Ерекше қасиеттерiн атап айтсаңыз?

– Мен бөлек отбасында тәрбиеленгендiктен, әкемдi жездемдей көрушi едiм. Анда-санда қалжыңдасып та қоятынмын. Ол кiсi адамдардың бәрiне iлипатпен қарайтын, мiнезi жұмсақ болатын. Өмiрде бiреуге ашуланып, балағаттағанын көргенiм жоқ. Өзi де үнемi бiзге ақылын айтып отыратын. «Үлкенге қарсы сөйлемеңдер, сыйлаңдар, кiшiге қамқор, бiр-бiрiңе бауырмал болыңдар, дұрыс жүрiңдер» деген сөздердi оның аузынан жиi еститiнбiз. Уақыты көп бола бермейтiн, қолы бос кездерде үйдi тазалаудан, тамақ пiсiруден қашпайтын. Ет асу, қамыр жаю, палау, мәнтi, дүнген лапшасын дәмдi етiп дайындайтын. Сондай-ақ, ол кiсiнiң қолы да шебер, етiкшiлiгi болатын, отбасында бүлiнген аяқ киiмдердi жамап-жасқау жұмыстарын да бiр өзi атқаратын. Қысқасы, он саусағынан өнерi тамған жан едi.

– Естуiмiзше, диктор Әнуарбек Байжанбаевты радиоға iздеп келушi қарапайым адамдар көп болыпты. Ал ол кiсi кiмдермен жақын араласты?

– Ең жақын араласқан адамдарының бiрi – Рейхстагқа ту тiккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев болатын. Екеуi де соғысқа қатысқан, әңгiмелерi керемет жарасып кетушi едi. Үнемi бiр-бiрiн iздеп жүретiн сырлас достар болатын. Әкем Дiнмұхаммед Қонаевтың өзiмен де жақсы сыйласатын. Қонаев бұл кiсiнiң атын атамай, «гүрiлдеуiк» деушi едi. Талдықорған өңiрiндегi Кербұлақ ауданының Жоламан ауылында тұратын марқұм Марат Тоғатаев деген кiсiмен де жақын араласты. Оны да туған iнiсiндей бауырына тартып, ерекше жақсы көретiн. Өзiң айтқандай, елiмiздiң әрбiр өңiрлерiнен көптеген бейтаныс адамдар да әкемдi жұмысқа iздеп келiп жататын. Бiреуi баламды жұмысқа орналастыруға көмектес десе, ендi бiрi оқуға түсуге жәрдем етсеңiз деп келетiн. Ол кiсi сол келген ауыл адамдарының көңiлiн қайтармай, көмек қолын созатын. Шынын айтсақ, елiмiздiң әр түкпiрiнен келген елу  шақты қыз-жiгiттердiң жоғары оқу орнын бiтiруiне әкемнiң шапағаты тидi деп толық айта аламын.

– «Жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ жоқ» дегендей, атақты диктор Байжанбаевтың өзi де «эфирде қателесiп кеткен екен» деген сөздердi көпшiлiк аузынан естiп қалып жатамыз...

– Иә, ондай оқиғалар болған. Мен радиода бiрге қызмет iстегендiктен бiразына қанықпын. Ол кiсi тек радиода ғана емес, «Қазақфильм» киностудиясында да қосымша қызмет атқаратын. Жұмысқа өте жауапкершiлiкпен қарайтын. Бiрде әкем жұмыстан қатты шаршап түн ортасында  келдi. Маған: «Таңғы сағат 6-ға таман оятарсың, радиоға эфирге баруым керек,» – дедi де өзi ұйқыға кеттi. Ол кезде радиода 6 сағат 30 минутта ауа райы оқылатын. Қыс мезгiлi. Мен де жаспын, ұйықтап кетiппiн. Бiр кезде көзiмдi ашып, сағатқа қарасам 6 сағат 20 минут болыпты. Жүгiрiп барып әкемдi ояттым. Ол кiсi де атып түрегелiп, босағада тұрған пальтосын үстiне iле-сала сыртқа жүгiрдi. Ол кезде бiз Фурманов пен Киров (қазiргi Бөгенбай батыр) көшелерi қиылысындағы үйде тұратын едiк. Содан радиоға дейiн такси ұстайды ғой, ол жерге жеткенде таксистке сол кездегi ақшамен 1 сом 37 тиын төлеу керек болады. Қалтасында 37 тиын жетпей қалады да, таксистке «мен осында iстеймiн, сен менi күте тұр» деп iшке кiрiп кетедi. Ол кезде дикторлардың бәрi де тiрiлей дауыспен шығады. Қазiргiдей алдын ала таспаға жазып қою деген жоқ. Асығып жүгiрiп эфир студиясына алқынып жеткен ол аптығын басып, қалыпты дауысымен «Алматы уақыты 6 сағат 30 минут» деудiң орнына «Алматы уақыты 6 сағат 37 тиын» деп оқып жiберген ғой. Сол бiр бережақ болып, миында қалып қойған «37 тиын» үшiн ол үш айға дикторлық қызметтен шеттетiлiп, операторларға көмекшi болып жұмыс iстедi. Ал сол кезде ол кiсiнiң «ҚР Халық әртiсi» деген атағы бар болатын.

– Анаңыз туралы да айтсаңыз, ол кiсi де Қазақ радиосында қызмет атқарыпты ғой.

– Иә, ол рас. Анамыз – Ғайни Орынтаева. 1951 жылдан 1962 жылға дейiн Қазақ радиосында қызмет қатқарды. Соңғы хабарлар редакциясында аға редактор болып қызмет iстедi. Кейiн әкемiздiң өтiнiшiмен радиодағы жұмысынан шығып, бала тәрбиесiмен айналысып, үйде отырды. Содан өмiрiнiң соңына дейiн еш жерде жұмыс iстеген жоқ. Анамның әкесi, нағашымыз Бейсенбай деген ауқатты адам, отбасында сегiз қызы болған. Олардың төртеуi Алматыда тұрды. Ең кiшi сiңлiсiнiң күйеуi Әмiржан Мәутенбаев деген ағамыз «Шалқар» редакциясын басқарды. Анамның өзiнен кейiнгi сiңлiсi Зәуреш Бейсенбайқызы А.С.Пушкин атындағы ұлттық кiтап¬ханада жұмыс iстедi. Ол – ақын Жаппар Өмiрбековтiң жолдасы. Ол апаларымызбен де араласып тұрамыз.

– Сiздiң де дауысыңыз әкеңiздiң даусына ұқсас қой, неге диктор болмадыңыз?


– Мен Алматы (бұрынғы Талдықорған) облысы, Ақсу ауданы, Лепсi стансасындағы №255 қазақ мектебiн бiтiргеннен кейiн, 1971 жылы Алматыға келiп радиоға техник болып жұмысқа орналастым. Қылшылдап тұрған жаспын, ол кезде даусым да әжептәуiр жақсы болатын. Әкемнiң жолын қуу да ойымда болды. Оның үстiне маған «дикторлар конкурсына қатыс» деп ақыл айтушылар да табылды. Ойыма ой қосылып, диктор бол-ғым келiп, әкеммен ақылдастым. Маған ол: «Мен араласпаймын, өзiң бағыңды сынап көр», – дедi. Ол кезде дикторлардың бастығы Мәмбет Сержанов ағай болатын, ол да конкурсқа қатысуымды мақұлдады. Сөйтiп, дикторлар конкурсына қатысатын болдым. Алдын ала өлеңдер, шағын әдеби хабарлар оқып, оны таспаға жазып дайындап қойғанмын. Сол уақыттағы конкурс талабы да сондай болатын. Дәл конкурс басталған күнi дайын таспамды таппай қойдым. Дегенмен, қатыстым конкурсқа. Бiрақ комиссиядан өте алмадым. Кейiн бiлгенiмдей, менiң ол таспамды конкурсқа қатысуымды қаламаған «бiр адамдар» жоқ қылған екен. Дикторлықтан жолым болмағаннан кейiн осы радионың iшiндегi концерт студиясында күйтабақ операторы болып жұмыс iстеп кеттiм. Содан берi қырық жылға жуықтап қалды, осы радиода қызмет атқарып келемiн.

Әңгiмелескен,

Мейрамгүл ИСАТАЙҚЫЗЫ.




20 қазан, 2009 жыл. №84 (15438) 1 «Жас Алаш» газеті.