«Қазақстан ғылымының өркениет өрісіндегі дамуы» атты конференция өтпек
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, академик Еренғайып Омаровтың 75 жылдық мерейтойына байланысты «ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ ӨРКЕНИЕТ ӨРІСІНДЕГІ ДАМУЫ”(Развитие казахстанской науки в контексте цивилизаций) атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Модератор - ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев.
Академик Еренғайып Сәліпұлы - «Қазақ өркениеті» концепциясын ұсынған ғалым ретінде, ол қазақта көшпенділікпен қатар өзіндік өркениет болғанын, ертедегі қазақтардың кеме жасағанын ғылыми тұрғыдан дәйектеп, қазақ өркениетінің – көшпенділік, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік, дала өркениеттері болып бөлінетіні туралы ғылыми тұжырымдарын «Қазақ өркениетінің негізі», «Аттила.Өркениеттік рөлі”, “Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы”, “The Kazakh Civilization and History”, “ Портреттер: Гередоттан Гумбольдтқа дейін сырттай көзқарас”сияқты монографиялық еңбектерінде жариялаған. Ғалымның бастамасымен Қайнар университетінің жанынан ашылған “Қазақ өркениеті мен тарихы” институты 1997 жылдан жұмыс істеп келеді. Институт мақсаты - қазақ өркениетінің қалыптасу мәселелері, оның көнедегі, орта замандағы, жаңа замандағы даму процестері мен қазіргі кездегі ахуалын айқындау.
Әр ұлттың өзінің төл мәдениетін сақтау мен дамыту, сондай-ақ әлемдік өркениеттердің ғаламдық диалогінің аспектілері қарастырылатын ғылыми жиынға алыс-жақын шетелдік(Франция, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қырғызстан) және қазақстандық көрнекті ғалымдар қатысып, баяндама жасайды деп күтілуде.
Ғылыми жиын аясында Еренғайып Омаровтың жарық көрген монографиялық еңбектерін Ұлттық кітапхана қорына тапсыру іс-шарасы жоспарланған.
Конференцияның өтетін орны: ҚР Ұлттық кітапханасы (Алматы қаласы, Абай даңғылы 14 үй)
Уақыты: сағат 11:00
Ақпарат үшін: +7 701 341 24 44