Мұзағаң мен "Балдырғанның" мерейтойы

Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен «Мұзафар Әлімбаев және «Балдырған» журналы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізген хатта: «Баршаңызды Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуымен және «Балдырған» журналының 65 жылдығымен құттықтаймын! Мұзафар Әлімбаев – төл әдебиетімізді өркендетуге елеулі үлес қосқан, мәдениетіміз бен өнерімізді дәріптеуге зор еңбек сіңірген сөз зергері. Ол алпыстан астам кітап жазып, артында мол мұра қалдырды. Жазушының «Менің Қазақстаным», «Естай-Қорлан», «Ту тіккен» сияқты көркем дүниелері оқырман қауымның лайықты бағасын алды. Шығармалары шет тілдеріне аударылды. Қаламгердің сөзіне көптеген ән жазылып, халық арасына кең таралды. Оның «Отаның көркеймей, ошағың маздамайды», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Кітап кірген үйге құт кіреді» сияқты өткір де орамды ойлары қанатты сөзге айналды. Көрнекті ақын 1958 жылы «Бaлдырған» журналының негізін қалап, бас редактор болып отыз жылға жуық табан аудармай қызмет істеді. Бұл басылым 65 жыл бойы тартымды әрі тағылымды дүниелерімен бүлдіршіндердің тілін ұстартып, оларды адалдық пен ізгілікке баулып келеді. «Балдырған» талай жеткіншектің рухани серігіне, ақылшы досына, ұлағатты ұстазына айналды», делінген.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын конференцияға арнайы келген вице-министр Арман Жүдебаев оқып берді. Сондай-ақ конференцияда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтауын министрліктің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сәйдембаева мен министрлік өкілі Гүлнар Ермекбаева тапсырды.
Мұзафар Әлімбаевтың туған жері – Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың атынан құттықтауды Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы мен Павлодар облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан жеткізді.
Басқосуда жазушының «Алақай мен балақай» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен бірге «Балдырған» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенбек Мағлұмов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының атынан басқарма хатшысы, белгілі журналист-жазушы Қали Сарсенбай сөз сөйледі.
Филология ғылымдарының докторы, жазушы Бекен Ыбырайымов, филология ғылымдарының докторы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті секциясының жетекшісі Нұрдәулет Ақыш «Қазақ балалар әдебиетінің дамуындағы Мұзафар Әлімбаев пен «Балдырған» журналының орны», «Мұзафар Әлімбаевтың балаларға арналған шығармаларындағы поэтикалық шеберлік» тақырыбында баяндама жасады.
Жарыссөзде Президент сыйлығының иегері, белгілі балалар жазушысы, баспагер Бейсенбай Сүлейменов, белгілі суретші, «Балдырғанның» бұрынғы қызметкері Еркін Нұразхан, жазушы, «Жыл он екі ай» альманағының бас редакторы Талғат Айтбайұлы да сөз толғады.
Ерекше қуантарлығы, сынып жетекшісі Күлпан Алтаева бастап келген Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы №145 мектептің 2 А сыныбы мен 6 А сыныбында оқитын бүлдіршіндер Мұзағаңның жырларын ерекше құлшыныспен жатқа оқыды.
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлының атынан журналдың жанашырлары болып жүрген азаматтарға Алғыс хат табыс етілді. Олардың қатарында Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы, «Алматы-Болашақ» баспаханасының бас директоры Исағалым Үсембайұлы, Алматы медицина колледжінің директоры Тасболат Қырғызбайұлы және оқушылары өнер көрсеткен Күлпан Алтайқызы бар.
Ұлттық кітапханадағы көрмелерде Мұзағаңның жеке құжаттары, күнделіктері, қолжазбалары, т.б. шығармашылығынан сыр шертетін заттары қойылды. «Балдырған» журналының әр жылдары шыққан нөмірлері де көңілге қанат бітірді.
Ақынның туыстары атынан немересі Әсет Әлімбаев іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Айта кетелік, конференцияға ақынның туған-туыстарынан бөлек Мұқағали Мақатаев, Қалижан Бекхожин, Тұманбай Молдағалиев, Сағат Әшімбаевтың үйлеріндегі асыл жарлары мен балалары, немерелері де қонақ болды.