Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

ҚазҰУ-да мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өтті

ҚазҰУ-да мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында білім ордасының 90 жылдығына орай, мерейтойлық жылдың ашылу салтанаты өтті.

Мерейтойлық жиынға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет ардагерлері мен түлектері, оқытушылар, білім алушы жастар және БАҚ өкілдері қатыстықан.

Меймандарға университет тарихына арналған сирек фотосуреттер мен кітаптардың, ардагер оқытушылар портреттерінің көрмелері, сондай-ақ университеттің 90 жылдығына арналған ғылыми еңбектер мен тарихи кітаптардың экспозициясы ұсынылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы мен қызметі туралы деректі фильм көрсетілді.  

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ ұжымын бейнеүндеу арқылы құттықтады.

«Бүгін отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Әлемнің екінші ұстазының есімін иеленген қара шаңырақ ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер  университет ұжымының табанды еңбегінің арқасы деп бағамдаймын. ҚазҰУ-дың 90 жылдық торқалы тойы 100 жылдық тұғыры биік ғасыр тойына ұлассын», – деп атап өтті министр.

Ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев шараға келген қонақтарды, барша ұжымды университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Бұл мерейлі белеске университет үлкен табыстармен жетті. ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 230-орында. QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. 90 жылдық тарихы бар университетте 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде 11 ҚР ҰҒА  академигі, ҚР Жоғары мектебінің үш академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының ¬ сегіз академигі, жеті ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. Биыл 32 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

 «Кез келген университет мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегімен, түлектерінің сапасымен өлшенеді. ҚазҰУ түлектерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар жеткілікті. ҚазҰУ-да жылдар бойы қалыптасқан белгілі қайраткер тұлғалардың, мықты оқытушы-профессорларымыздың ғылыми мектептері қалыптасқан. Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, жаңа бағытта дамыта беретін болады. Қазір 25 мыңнан астам студентіміз бар. Студенттеріміз АҚШ, Еуропа, Азияның озық университеттерінде білімін жетілдіруде. ҚазҰУ әлемнің 650-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста», – деп атап өтті ректор.

 Іс-шарада  ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың құттықтау хаты оқылып, сахнаға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми шақырылды. Ол ҚазҰУ оқытушылары мен профессорларына төрт «Еңбек ардагері» медалін және бес «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыстады.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев профессор Ержан Жатқанбаевқа «Әл-Фараби» үлкен алтын медалін табыс етті. Күміс медальмен профессорлар: Григорий Мун, Зухра Исмағамбетова, Айгүл Рамазан марапатталды. Сондай-ақ ректор 15 оқытушыға ҚазҰУ-дың  «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

Фото: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі