Ғылыми тағылымдама - жоғарғы оқу орындарының сенімді серіктестігінің кепілі
Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Информатика» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранттары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15.04-28.04.2024 аралығында жоспарланған ғылыми тағылымдамадан өтті.
Ғылыми тағылымдама университет білім алушыларының тәжірибе алмасуы, ғалымдардың магистрант жүргізіп отырған зерттеу жұмыстарына кеңестері, оқу орнындағы іс шаралар, зертханалармен, дереккөздермен танысу сияқты міндеттерді қамтыды.
Тағылымдаманың алғашқы күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен танысу, тағылымдаманың ғылыми жетекшілері педагогика ғылымдарының докторы Керімбаев Нұрасыл Нұрымұлы және педагогика ғылымдарының кандидаты Мадьярова Гульнар Атыханқызымен кездесіп тағылымдама жоспарын талқылау сияқты жұмыстардан басталды.
Әр магистранттың ғылыми тағылымдаманы өту жоспары бекітілген ғылыми зерттеу тақырыбына байланысты анықталған. Бірінші кезекте магистранттар үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапхана қорымен танысу және қолдану үшін тіркеуден өтіп, толықтай рұқсат берілді. Апта басында «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының негізгі ғылыми бағыттарымен танысу, профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесу және зерттеу тақырыптарын талқылау, диссертациялық жұмыстың міндеттерін шешу үшін ғылыми аппараттары, жұмыста қолданылатын зерттеу әдістері, практикалық маңыздылығын қарастыру сияқты маңызды іс шаралар жүргізілді.
Магистранттардың ғылыми диссертациялық жұмысының зерттелетін мәселе бойынша теориялық материалдар мен статистикалық ақпаратты жинау және жүйелеу мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттарымен кездесу өтті. Кездесу барысында жетекші п.ғ.к., Мадьярова Гульнар Атыханқызы диссертациялық жұмыс тақырыбына байланысты топпен жұмыс жасау әдісімен семинар ұйымдастырды. Зерттеу жұмыстарының тақырыптарына сәйкес, Информатика пәнін оқытудың әдістемесі, технологиялары және жетістіктерін, «Бастауыш сыныпта», «Орта буын 5-9 сыныпта», «Бейіндік сыныпта 10-11 сынып», «Жоғарғы оқу орнында оқыту бағыттары» және «Информатика пәнінің мұғалімдері үшін» деген топтарға бөлінді. Әр топтың зерттеу мәселелері, мақсат, міндеттері, өзектілігі, жетістіктер жөнінде сұрақ жауап дискуссия жүргізілді.
Магистранттар өздерінің ғылыми зерттеу тақырыптары бойынша университет кітапханасында, диссертациялар залында жұмыс жасады. Магистранттар бос уақытында Әл-Фараби кітапханасындағы музей және Фараби обсерваториясымен танысты.
Сонымен қатар магистранттар Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде «Компьютерлік ғылымдар» кафедрасының интеллектуалды бағдарламаланатын жүйелер, ақпартаттық технологиялар және математикалық ғылымдар зертханасында болып, танысып, өздерінің зерттеу тақырыптарына сай бағыттары бойынша қосымша ақпарат алды. Тағылымдама барысында ғылыми жетекшілердің ұйымдастыруымен тренинг, семинар, кездесулер өткізілді. «Ғылыми-зерттеу жұмысын қорғау баяндамасын әзірлеу» тақырыбына семинар өткізілді.
Ғылыми тағылымдама аясындағы іс-шараларға қатысу арқылы магистранттар ғылыми диссертациялық жұмыстарын толықтай аяқтау жұмыстарына және қорғауға тәжірибе жинақтап дайындады. Ғылыми тағылымдаманың магистранттар жұмысына оң көмегі тигенін атай отырып, ғылым жолындағы жастар көбейе береді деген үміттеміз.
Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
«Информатика» білім беру бағдарламасының
2 курс магистранты Кажгалиева Набира Талгатовна