ҚазҰУ студенттері "Шалқар" радиосында қонақта болды
ҚазҰУ Журналистика факультетінің 1 курс студенттері Алматы студиясын аралап, "Шалқар" радиосында қонақта болды. Болашақ журналистерге қара шаңырақтың аурасы, тікелей эфирдің әсері, студияның жұмыс барыс, жалпы радионың тыныс-тіршілігі таныстырылды. Соның ішінде Үсен Нұрғабыл атты суденттің алған әсерін бөлісіп отырмыз.
"Өмірімдегі кезеңдерді сарапқа салар болсам, былтырғы дәл осы кез бен биылғы күйім екі бөлек. Қалаған оқу орныма, қалаған мамандығыма түсіп, бір жыл оқып та тастадық. Былтырғыдай үміт пен үрейдің ортасындағы дүдамал күйде емес, алдағы күніме сеніммен қарай бастадым. Оған бүгінгі бастан кешкен сезімім де себеп болғандай. Түс қайта білім кемесіндегі сапарластарыммен бірге “Шалқар” радиосына аттандық. Елге белгілі әуе толқынының ұжымы құшақ жая қарсы алғанын да тілге тиек етпесем, адамдығыма сын болар.
Бірінші курстардың практикасы дегеннің өзі қызық екен. Күніміз таныстықпен өтті. Кіммен дерсіз? Өз саласының мамандары – радио қызметкерлерімен, түрлі техникамен, дыбыс жазуға арналған кабинеттермен, тікелей эфирдегі толқынды үзбей ақпарат тарататын динамикалық шеберлікпен. Өзіміз оқыған дүниелерді визуалды түрде көргенде, алдыңғы буынның жұмысымен танысқанда, сондай болуға деген ұмтылыс сезімі ішімде бұлқына жөнелгенін жасырып қайтейін?!
Бұл – бірінші көзқарастан туындаған сезім. Жүзінші, мыңыншы рет қауышқанда да мамандығыма деген құштарлығым осындай болса екен деген аппақ тілегім де бар",- Үсен Нұрғабыл.