Астана - 100,4FM Алматы - 106,5FM Көкшетау - 103,7FM Ақтөбе - 105,70FM Атырау - 102,80FM Өскемен - 105,60FM Семей - 104,40FM Аягөз - 103,2FM Тараз - 102,60FM Орал - 102,70FM Қарағанды - 102,30FM Қызылорда - 101,00FM Арқалық - 101,4FM Қостанай - 107,4FM Ақтау - 102,10FM Павлодар - 106,7FM Петропавл - 104,7FM Шымкент - 102,70FM

Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы

Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы 2024 жылы 14 қарашада филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Конференция жұмысына республиканың жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының белгілі ғалымдары, баспалардың, дизайнерлік, мәдени орталықтардың өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысады.


Қосымша ақпарат:


Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов (1929-2020) 3 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы Аршалы ауылында туған.

1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тәмамдап, 1951-59 жж. Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі», кейін «Коммунизм туы» газетінде қызмет істейді. 1963 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы әдебиет теориясы бөлімінің аспирантурасына түсіп,  «Қазақ романы  және қазіргі заман» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. 1964 жылы «Газет жанрлары» атты оқу құралы, 1968 жылы «Казахский роман и современность» атты монографиясы жарық көрді.

1967-71 жж. партия қызметінде ККП ОК-нің Насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, баспасөз, радио және теледидар секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1971-86 жж. Қазақ КСР Министрлер  Кеңесі жанындағы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болды. 1986-88 жж. Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды. Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтардың өмірі мен шығармашылығы туралы «Жаңа жолдан» («С новой строки») атты кітап жазып жарыққа шығарды (1989). 1988 жылдың қыркүйек айынан бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болып істеді.

«Казахский роман и современность»,  «Замандас парасаты», «От фольклора до романа-эпопеи», «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), «Сұлулыққа іңкәрлік (1999), «Ғасырмен сырласу» (2004), «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» (2006), «Казахская литература: новое прочтение» (2007), «Тәуелсіздік биігінен» (2007), «Мағжан. Өмірі мен шығармагерлігі» (2008) атты кітаптары, «Әттең, дүние» романы (2002) мен «Мұхаметжан – Мархума» (1998) атты деректі повесі, «Кітаптану негіздері» (1997), «Қазақ кітабының тарихы»  (Ж.Шалғынбаевамен бірге, 1999) оқулықтарын, «Мағжан Жұмабаев» (1999) кітапшасы және мектеп  оқушыларына арналған «Мағжан Жұмабаев» атты (1991) оқулықтары жарық көрді. «Мағжан» монографиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ ПЕН-клубының Мағжан Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығының иегері.

Көркем публицистикасы үшін Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы сыйлығын алды. «Емтихан» атты сатиралық комедиясы Абай атындағы Жамбыл облыстық және Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрларында қойылды. Бірқатар пьесалары қазақ тіліне тәржімаланды. Екі рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің   құрамына, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Қазақстан   Жазушылар одағының хатшысы болды. Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамы орталық кеңесінің мүшесі, ҚР Үкіметі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарды ұзақ жылдар бойы атқарып келді.

«Баспа және полиграфия ісінің қайраткері», ҚР Президентінің стипендианты. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет  қайраткері, «Құрмет Белгісі», «Парасат» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Құрмет Грамоталарымен марапатталған (2009).




ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор А.Рамазан  

Ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары  Н.Тілеубаева

тел.: +7707-766-16-53